Шымкентте «Сапалы білім» жобасы аясында оқушылар арасында ұйымдастырылған «Абай оқулары», «Жыр додасы», «Жыр бұлағы – сөз сыры» және «Озық ойлы ұлт» байқауы қорытындыланды. Мыңға жуық мектеп оқушысы қатысқан сайыстың жеңімпаздары анықталып, марапатталды.


Медина Сейітбек Фариза Оңғарсынова атындағы №28 мектептің 4-сыныбында оқиды. Ол алдымен мектепішілік сайысқа қатысып, жақсы нәтиже көрсеткен. Кейін аудандық, одан соң қалалық кезеңде бағын сынап, бірінші орынды жеңіп алды.


 МЕДИНА СЕЙІТБЕК, БАЙҚАУ ЖЕҢІМПАЗЫ
Мен осындай конкурстарға жиі қатысамын. Мен аудандық кезеңде бірінші орын алып, осы қалалық байқауға қатыстым. Қалалық кезеңде бірінші орын алып, 17 өлеңді және бір қара сөзді жатқа айтып, «Құлақтан кіріп бойды алар» өлеңін орындадым. Маған осындай конкурстар өте қатты ұнайды.


Оқушылар арасындағы республикалық байқауға мыңға жуық мектеп оқушысы қатысты. Қаңтар айында басталған сайыстың алдымен аудандық кезеңі өтті. Одан 23 оқушы үздік нәтиже көрсетіп, қалалық кезеңге іріктеліп алынған. Нәтижесінде 9 оқушы үздік танылды.


ГҮЛНАРА ДӘРІБАЕВА, ҚАЛАЛЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Бұл байқауға қатысқан оқушыларға және олардың жетекшілеріне қаржылай сыйлықтар тағайындап, ұсынып отырмыз. Бірінші орынға 100 мың теңге, екінші орынға 80 мың теңге, үшінші орынға 60 мың теңге көлемінде қаржылай сыйлық берілді. Байқаудың қорытындысын өткізуде және марапаттарға қаржылық демеушілік еткен – «Күнделік KZ» порталы. Сол порталдың құрылтайшылары демеуші болды.


Республикалық байқау ұлттық құндылықтарды жаңғырту мен білім сапасын арттыру мақсатында ұйымдастырылды. Жоба келешек ұрпақтың зияткерлік әлеуетін арттырып, елдің мәдени-рухани дамуына сеп болмақ.