Бүгін елімізде Кітап күні! Ақылына ақы сұрамайтын асыл қазына – кітап. Ол адамның ойын ұштап, зейінін ашады. Есте сақтау қабілетін арттырып, таным көкжиегін кеңейтеді. Оны насихаттап, қоғам назарына ұсыну – халық игілігі үшін маңызды. Осы мақсатта Шымшаһарда «Руханиятқа жол – кітаптан» атты білім апталығы өтті. Оған қаладағы барлық кітапхана ұжымы қатысып, 50-ден аса танымдық іс-шара өткізді.


Апталықтың жабылу салтанатында еңбегі ерен кітапханашылар марапатталды. Мамандардың айтуынша, жастар кітап оқымайды деген пікір шындыққа жанаспайды. Әдебиет пен мәдениетке жаны құмар өрендердің қарасы қалың. Талабы таудай оқырманға бағыт-бағдар беріп, қызығушылығын арттыру үшін мамандар ұдайы танымдық іс-шаралар ұйымдастырып келеді.


БАҒИЛА БЕКАЙДАРОВА, А.ПУШКИН АТЫНДАҒЫ КІТАПХАНА ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
 – «Кітап әдеби құндылық қой. Жастарды тегін білімді алуға шақырамын. Қаншама еңбек бар бұл жерде. Мереке құтты болсын!»


 Қазір қаладағы бірқатар кітапханалар жұмыс уақытын ұзартқан. Мәселен, Пушкин атындағы кітапхана аптаның дүйсенбі, сәрсенбі және жұма күндері сағат 22:00-ге дейін жұмыс істейді. Бұл тұрғындарға жұмыстан кейін келіп, кітап оқуға мүмкіндік береді.


МӨЛДІР ОҢДАСЫНОВА, ҚАЛАЛЫҚ МӘДЕНИЕТ, ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ ЖӘНЕ АРХИВТЕР БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
– «Түнгі ауысымда қаражат екі есе төленетіні белгілі. Бюджет есебінен соны қарастырып, биыл кітапханалардағы жұмыс уақытын 10-11-ге дейін созуды жоспарлап отырмыз.» «Кезең-кезеңімен осы уақыт жүйсіне көшіруді жоспарлап отырмыз. Биылға екі кітапхананы көшіруді осы жүйеге жоспарлап отырмыз.»


 Мерекелік кеш барысында мәдениет саласының қызметкерлері өнер көрсетіп, кітап жәрмеңкесі өтті. Онда түрлі баспа өкілдері өз өнімдерін ұсынып, кітапхана ұжымдары таңдаулы туындыларды таныстырды.