Сербияның Врнячка-Баня қаласында өткен балалар мен жасөспірімдер арасындағы шахматтан әлем чемпионатында Шымкент қаласының жас спортшылары жоғары нәтиже көрсетіп, ел намысын абыроймен қорғады.
Әлемдік додаға 40 елден 400-ден астам үздік шахматшы қатысып, жоғары деңгейдегі тартысты бәсеке өрбіді. Аталған чемпионатта Қазақстан құрамасы рапид түрі бойынша жалпыкомандалық есепте І орынды иеленіп, айқын басымдық танытты. Ұлттық құраманың қоржынына жалпы 5 алтын, 4 күміс және 2 қола медаль түсті. Осы жетістікке Шымкент қаласының спортшылары да елеулі үлес қосты. Қала намысын қорғаған жас шахматшылар ұлттық құраманың қоржынына 2 алтын медаль салды. Жарыс қорытындысы бойынша: – Аслан Ендібаев 8 жасқа дейінгі ұлдар арасында рапид түрінен І орынды иеленіп, әлем чемпионы атанды. – Аделина Нұрханқызы 10 жасқа дейінгі қыздар арасында рапид бойынша алтын медаль жеңіп алды. Бұл нәтижелер шымкенттік шахмат мектебінің жоғары деңгейін, жаттықтырушылар құрамының кәсібилігін және жас спортшылардың табандылығын айқын көрсетеді. Аталған жеңістер жас спортшылар үшін үлкен тәжірибе ғана емес, сонымен қатар алдағы халықаралық жарыстарда жаңа белестерді бағындыруға берілген мүмкіндік болып табылады.