Мегаполис бюджеті нақтыланды. Қаланың қоржыны 818 млрд теңгеден 868 млрд теңгеге дейін ұлғайды. Қосымша қаржы әлеуметтік әлеуетті арттыруға бағытталған жаңа жобаларға жұмсалады. Бұл өзгерістер сегізінші шақырылымдағы Шымкент қаласы мәслихатының 35-сессиясында қаралып, нақтыланды.


 Отырысты мәслихат төрағасы Бахадыр Нарымбетов жүргізді. Сессия жұмысына қала әкімінің бірінші орынбасары Айдын Кәрімов қатысты. Жиында қала бюджеті 49,7 млрд теңгеге ұлғайтылды. Бюджетті қалыптастыру кезінде ең алдымен жалақы, міндетті төлемдер және әлеуметтік сала шығындары қамтамасыз етілді. Қосымша қаржы да әлеуметтік сала, жол жөндеу, тұрғын үй құрылысы секілді өзекті бағыттарға жұмсалады. Бюджетті ұлғайту арқылы жалпы 219 жоба жүзеге асады.


 ЕРЛАН ЕСҚАРАЕВ, ЭКОНОМИКА ЖӘНЕ БЮДЖЕТТІК ЖОСПАРЛАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Бірінші, әлеуметтік салаға 4,4 млрд теңге қарастырылған. Бұл қаржы денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қолдау шараларына бағытталады. Екіншіден, «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында қосымша 57 жобаны іске асыруға 2,6 млрд теңге бөлінді.


Сессияда сөз алған ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы биылғы жоспарымен бөлісті. 2025 жылы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 58,2 млрд теңгені құраған. Биыл бұл көрсеткішті 59,1 млрд теңгеге жеткізу жоспарланып отыр. Жалпы қала аумағында 21,1 мың гектар жерге дәнді дақыл егілген.


ТАЛҒАТ МЕКЕНБАЕВ, АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ВЕТЕРИНАРИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Сексен бір мың тоннаға жуық өнім жинау көзделіп отыр. Майлы және дәнді дақылдармен қатар көкөніс-бақша өнімдері де бар.


 Өткен жылы мегаполистегі мәдениет саласына 14,9 млрд теңге бөлінген. Жыл ішінде қала театрларында 48 премьера қойылып, 1212 репертуарлық қойылым көрерменге ұсынылған. Басқармаға бекітілген 5 бағыт бойынша 14 нысаналы индикатор толық орындалған.


БАУЫРЖАН ОРЫНТАЕВ, МӘДЕНИЕТ, ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ ЖӘНЕ АРХИВТЕР БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Жалақы қорына 9 млрд теңге, мәдени іс-шараларды өткізуге 1,1 млрд теңге, өзге де шығыстарға 4,3 млрд теңге қаралған.


 Сессия соңында қала әкімінің бірінші орынбасары Айдын Кәрімов қабылданған шешімдердің маңыздылығын атап өтті. Ол мегаполистің тұрақты дамуына бағытталған бастамаларды қолдағаны үшін депутаттарға алғыс білдірді.


 АЙДЫН КӘРІМОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ
Бұл шешімдердің барлығы қаланың дамуына, тұрғындардың ұсыныстары мен сын-ескертпелерін ескеруге бағытталған.


 Сессияда жалпы 12 мәселе қаралып, тиісті шешімдер қабылданды. Цифрландыру, халықты баспанамен қамту және әлеуметтік көмек көрсету бағытындағы бастамалар депутаттардың қолдауына ие болды.