Шымкент қаласындағы Жүрек орталығына 46 жастағы науқас шұғыл түрде жеткізілді. Алғашында ол Қызылорда қаласындағы ауруханаға «қолқаның жедел қабаттанатын аневризмасы» диагнозымен түскен. Бұл – адам өміріне тікелей қауіп төндіретін аса ауыр жағдай.
Алайда техникалық мүмкіндіктердің болмауына байланысты мұндай күрделі операцияны Қызылордада жасау мүмкін болмады. Сондықтан науқас санитариялық авиация арқылы Шымкент қаласындағы Жүрек орталығына жеткізілді. Дәрігерлер оған шұғыл түрде күрделі ота жасап, операция сәтті өтті. Қазіргі уақытта пациенттің жағдайы тұрақты. Ол реанимация бөлімінен кардиохирургия бөліміне ауыстырылып, ем қабылдап жатыр. Дәрігерлердің үйлесімді жұмысы мен жедел қабылданған шешімдердің нәтижесінде науқастың өмірін сақтап қалу мүмкін болды.