Жыл басынан бері Шымкент қаласына 100 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды. Бұл туралы кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Ермек Тұрманов брифинг барысында мәлімдеді. Сондай-ақ ол алғашқы үш айда атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді.
Ағымдағы жылдың қаңтар–наурыз айларының қорытындысы бойынша Шымкент қаласына 111,2 млрд теңге инвестиция тартылған. Оның ішінде жеке инвестиция көлемі 103,2 млрд теңгені құрайды. Ал үш айда өнеркәсіптік кәсіпорындар өндірген өнім көлемі 397,8 млрд теңгеге жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,6 пайызға жоғары. Өнім көлемі бойынша үшінші мегаполис өңірлер арасында 10-орында тұр.
ЕРМЕК ТҰРМАНОВ, КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ ИНДУСТРИАЛДЫ-ИННОВАЦИЯЛЫҚ ДАМУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Жыл соңына дейін 1,6 трлн теңгенің өнімін өндіруді жоспарлап отырмыз. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде өсім байқалады. Атап айтқанда, машина жасау саласы 47,6 пайызға, тамақ өнімдерін өндіру 17,1 пайызға өсті. Сусын өндіру саласында да оң көрсеткіш бар.
Сонымен қатар шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау бойынша мемлекеттік бағдарламалар аясында 2026 жылға 14,7 млрд теңге қаржы бөлінген. Оның 12,59 млрд теңгесі республикалық бюджеттен, ал 2,15 млрд теңгесі жергілікті бюджеттен қарастырылған.
ЕРМЕК ТҰРМАНОВ, КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ ИНДУСТРИАЛДЫ-ИННОВАЦИЯЛЫҚ ДАМУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Қаржылық қолдау мақсатында 14,7 млрд теңгеге екі мыңнан астам жобаны қолдау жоспарланған. Бірыңғай кешенді бағдарлама аясында пайыздық мөлшерлемені субсидиялау, кепілдендіру және 5 млн теңгеге дейінгі гранттар бастаушы кәсіпкерлерге беріледі.
2026 жылдың қаңтар–наурыз айларының қорытындысы бойынша қала аумағында 137 мың шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 1,4 пайызға төмендеген.