Пушкин атындағы қалалық әмбебап кітапханада Физули атындағы сыйлықтың лауреаты, қаламгер Құрал Көмектің әдеби кездесу кеші өтті. «Әлемді жырмен тербеткен даланың ұлы» тақырыбындағы жиын Ұлттық кітап күні мен Кітапханашылар күні мерекесі аясында ұйымдастырылды.
Құрал Көмек – Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткер, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Президент сыйлығының иегері. Сонымен қатар ол еліміздің халық ағарту ісінің үздігі. «Бір өлең – бір сурет» конкурсы мен «Темірқазық түнгі кітапхана» әдеби клубтарының идеялық авторы, «Ой туындылар» фестивалінің бірінші деңгейдегі жүлдегері. Жазушы 2013 жылы Түркияда өткен байқауда «Мен даланың ұлымын» поэмасымен Халықаралық Физули атындағы сыйлықты жеңіп алған. Сол жылы «Үздік ақын» номинациясының иегері атанды.
ҚҰРАЛ КӨМЕК, АҚЫН, ЖАЗУШЫ
Мәдени-рухани тұғырымыз мықты болу үшін әдебиетті көп оқуымыз керек. Президентіміз айтқандай, кітап сүйетін ұлтқа айналуымыз қажет. Бүгінгі іс-шара осы мақсатты көздейді. Сонымен қатар аударма мәселесіне ерекше мән берілуде. Менің «Мен даланың ұлымын» поэмам, «Сенім жеңісі», «Шанақ қала шайқасы» шығармалары бойынша да аудармалар жасалып, бүгін жастармен, тұрғындармен кездесу өтуде.
Кездесуге қаламгердің замандастары, жазушылар мен жастар жиналды. Әдеби кештің мақсаты – өңірден шыққан ақын-жазушылардың шығармаларын насихаттау арқылы жастарды еңбекқорлыққа, адалдыққа баулу, білімге деген құштарлығын арттыру. «Кітап – достық амбассадоры» тақырыбы аясында шет тілдерге аударылған жырлардың маңызын насихаттау көзделді.
АҒА ПАША ҚҰРБАНОВ, Ө. ЖӘНІБЕКОВ АТЫНДАҒЫ ОҚПУ ДОЦЕНТІ
Құрал Көмек ағамыз Шанақ қала тақырыбын қозғап, бұрынғы Міржақып Дулатов сынды тұлғалардың шығармашылық дәстүрін жалғастырып отыр. Бұл – өте орынды жазылған дүние. Болашақта «Шанақ қала» дастанын жоғары оқу орындарының тарих факультеттерінде оқытса дұрыс болар еді. Себебі кей жағдайда біз өзіміздің тарихи-мәдени тамырымызға сай келмейтін мазмұндарды оқытып келеміз. Осы бағыттағы еңбектерді оқу – өте маңызды деп ойлаймын.
Кездесу барысында ақынның «Сенім жеңісі» кітабы түрік және ағылшын тілдеріне аударылған баспагерлер тікелей эфир арқылы жылы лебізін жеткізді. Ал №127 мектеп оқушылары «Мен даланың ұлымын» өлеңін төрт тілде оқып берді. Әдеби кеш соңында қатысушылар ақынға сұрақтарын қойып, еркін пікір алмасты.