Білім беру саласында 12,5 мың орындық 25 мектеп салу жоспарланса, бүгінде 43 мың орындық 45 мектеп пайдалануға беріліп, 25 білім беру ұйымына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Денсаулық сақтау саласында жоспарланған 4 медициналық нысанның орнына 5 медициналық мекеме салынған. Бұл туралы Шымкент қалалық мәслихатының депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Муфтулла Қонақбаев Құрсай мөлтек ауданының тұрғындарымен кездесу кезінде айтты.


 «AMANAT» партиясы бес жылға жоспарланған міндеттердің басым бөлігі үш жылдың ішінде орындалған. Мәселен, 1,3 мың шақырым жолға асфальт төселіп, жақсы жағдайдағы автожолдардың үлесі 95 пайызға жетті. 2291 көше жарықтандырылып, бұл көрсеткіш 100 пайызды құрады. Қоғамдық көлік жүйесі жетілдіріліп, 43 тұрақты маршруттың қозғалыс сызбасы оңтайландырылды.


Инженерлік инфрақұрылым бойынша да оң нәтижелерге қол жеткізілген. Қала халқы ауыз сумен және сапалы электр энергиясымен 100 пайыз қамтамасыз етілсе, табиғи газбен қамту деңгейі 98 пайызға жеткен. Кәріз жүйесімен қамту 75 пайызды құраса, интернетпен қамтамасыз ету көрсеткіші 100 пайызға жетіп отыр.


Кездесу барысында тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерді көтеріп, депутатқа сауалдарын жолдады. Атап айтқанда, тұрмыстық қалдықтарды уақытылы шығару және жол белгілеріне қатысты мәселелер айтылды. Өз кезегінде Муфтулла Қонақбаев көтерілген түйткілдер бойынша тиісті мекемелерге депутаттық сауалдар жолдап, олардың шешілуін жеке бақылауына алатынын жеткізді.