Көктемгі әскерге шақыру науқаны аясында «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты 35748 әскери бөлімі жас сарбаздармен толығуда. Бөлімнің мотоатқыштар батальонына Алматы, Қызылорда және Маңғыстау облыстарынан жас толықтыру командалары келіп жетті. Бүгінде бөлім қатары шамамен 120 шақырылушымен толықты. Жақын арада олардың қатарына Жамбыл облысынан тағы 55 жас сарбаз қосылады деп күтілуде.


Әскери бөлімге келген сәттен бастап жас сарбаздар төрт аптаға созылатын бастапқы әскери даярлық курсынан өтуге кірісті. Осы уақыт ішінде олар бастапқы әскери дайындық бойынша білімдері мен дағдыларын жетілдіріп, жалпыәскери пәндердің негізгі бағыттарын меңгереді. Сарбаздармен саптық, дене, әскери-медициналық дайындық, жалпыәскери жарғылар және әскери қызмет қауіпсіздігі негіздері бойынша сабақтар өткізіледі.


ӘЛІБЕК ҰЗАҚБАЕВ, МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫНАН ШАҚЫРТЫЛҒАН САРБАЗ
 «Әскердің басында қорқынышты болды, қазір бойым үйренді, бәрі керемет. Әскерге келуді бәріңізге кеңес беремін.»


Жас толықтыру командалары бөлімге тәуліктің әртүрлі уақытында келгеніне қарамастан, оларды әскери оркестрдің сүйемелдеуімен салтанатты түрде қарсы алады. Шақырылушыларға бөлімнің командалық құрамы таныстырылып, әскери бөлімнің тарихы туралы мәлімет беріледі.


 МАҚСАТ КҮЗЕМБАЕВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНАН ШАҚЫРТЫЛҒАН САРБАЗ
«Бұл жерге келгеннен бастап бәрі керемет. Тәртіпке үйреніп, өзімді жетілдіріп жатырмын.»


Жас толықтыруды қабылдауға әскери бөлімде барлық қажетті жағдай жасалған. Тәжірибелі офицерлер мен сержанттардан құралған оқу-жиын әкімшілігі тағайындалып, олар сарбаздардың жаңа ортаға бейімделуіне және әскери істің қыр-сырын меңгеруіне көмектеседі.