Қазақтың көрнекті ақыны, заңғар жазушы Мұхтар Шахановты бүгін туған жері Түркістан облысы, Отырар ауданында ақтық сапарға шығарып салды. Қазақстанның Халық жазушысын еске алуға арналған қаралы жиын Жаңа шілік ауылында өтті. Қайраткер ақынмен қоштасуға елдің әр аймағынан зиялы қауым өкілдері мен ақын-жазушылар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, сондай-ақ ақын шығармашылығын қадір тұтқан оқырмандар жиналып, оның рухына тағзым етті. Ақынға өз аманаты бойынша туған жердің топырағы бұйырып, жаназасы оқылды.


ҚҰЛБЕК ЕРГӨБЕК ӘДЕБИЕТ ЗЕРТТЕУШІСІ, ФИЛОЛОГИЯ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ, ПРОФЕССОР
Оның өлеңінде болсын, өмірінде болсын, тек халқымыздың қуанышы мен қайғы қасіреті бәрі де аса биік өреде айтылып, аса биік өреде жырланды. Сондықтан да ол біздің қазақ әдебиетінің тарихында азаматтық поэзияның ұлы өкілі болып қалады.


Ол саналы ғұмырын ел руханиятына, тіл мен дәстүрді ұлықтауға арнады. Қазақ поэзиясын биік деңгейге көтерді. Оның жырлары мен әндері, драмалық туындылары халық жүрегінен орын алды. Ақынның еңбегі бағаланып, оған ең жоғары мемлекеттік және халықаралық марапаттар берілді. «Қазақстанның Еңбек Ері», «Қазақстанның Халық жазушысы» және «Қырғыз Республикасының халық ақыны» атақтары мен халықаралық деңгейдегі марапаттарға ие болды.


 ҚАЗЫБЕК ИСА ҚР ПАРЛАМЕНТ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ
 Көзінің тірісінде бүкіл халықтың сүйіспеншілігіне бөленіп, даңқтың барлық биігіне көтерілген ақын ол жалғыз Мұхтар Шаханұлы ғана. Яғни Мұқаң батыр болу керек екенін, батыр ақын болу керек екенін дәлелдеген қазақта ер Махамбеттен кейін айқын дәлелдеген осы Мұқаң. Туған жердің төсінде жаны жәннаттан жай тауып, пейіште рухы шалқи берсін дейміз.