Түркістан облысы әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев «JanaPort Holdings Ltd.» компаниясының директоры Мадина Ахмеджановамен кездесті. Кездесуде Түркістандағы халықаралық әуежайды дамыту және сенімгерлік басқаруға беру, ынтымақтастық орнату мәселелері талқыланды.
Облыс әкімінің орынбасары әуежейдың әлеуеті мен мүмкіндігі жоғары екеніне тоқталды. Түркістан халықаралық әуежайы 2020 жылдың 1 желтоқсанынан бастап тұрақты әуе рейстерін орындап келеді. Әуежайға халықаралық авиациялық ұйымдардың ICAO және IATA кодтары берілген. Сондай-ақ ол ИКАО-ның 1-санатына жатады. Бүгінде әуежайдың өткізу қабілеті сағатына 450 жолаушыны немесе жылына 3 миллион жолаушыны құрайды. Жүк терминалының аумағы 0,5 гектар болса, оның өткізу мүмкіндігі тәулігіне 60 тоннаға жетеді. Ұшу-қону жолағының өлшемі 3300 × 45 метр, ал әуежайдың жалпы аумағы 905 гектарды құрайды. Аэровокзал кешенінің ауданы – 10 750 шаршы метр. Бүгінде Түркістан халықаралық әуежайы «Әуежайлар базасында авиахабтарды дамыту» жөніндегі арнайы жол картасына енгізілген. Бұл – алдағы уақытта әуежайды толыққанды авиахаб ретінде қалыптастыруға, соның ішінде авиаотын кешенін жаңғыртуға және перрон аумағын кеңейтуге кең мүмкіндік береді. «JanaPort Holdings Ltd.» компаниясының әріптестік қос тарапқа да пайдалы әрі әуежайдың әлеуетін көтеруге мүмкіндік беретініне сенім білдірді. Кездесу нәтижесінде облыс әкімдігі мен аталған компания арасында ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылды.