Мегаполисте Наурыз мерекесі әлі жалғасуда. Шымкент қаласындағы Бозарық шағын ауданында тұрғындар Ұлыстың ұлы күнін кең көлемде атап өтті. Мерекелік шара ауыл тұрғындарының ауызбіршілігін арттырып, ұлттық құндылықтарды ұлықтауға бағытталды.
Салтанатты жиында ауыл ақсақалдары сөз сөйлеп, Наурыздың мән-маңызына тоқталып, жиналған жұртшылықты меремен құттықтады. Елдегі тыныштық ауызбірлік жайында ой қозғады. Жастарды ынтымаққа шақырып ақ батасын берді. Айтқандай Бозарықта игі жобалар жүзеге асып келеді. Тұрғындар спирттік ішімдіктен бас тартып, бастама көтерген.
АЛМАСХАН ЕСБАЕВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Жақында біз ауылды арақсыз ауыл деп жарияладық. Бірнеше магазиндер меморандумға отырды. Сондай жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Шара барысында ауданның қоғамдық өміріне белсене араласып жүрген бірқатар азаматтар «Ауыл белсенділері» номинациясымен марапатталды. Олардың қатарында Нұркен Өткелбаев, Ержігіт Жаманбаев сынды ел игілігі жолында еңбек етіп жүрген азаматтар бар. Наурыз бұл тек мереке емес, бұл ұлттың рухын жаңғыртатын, елді бірлікке бастайтын ерекше күн. Базарық тұрғындарының бірлігі көпке үлгі.
ЗАМАНКҮЛ ӘБІЛАХАНҚЫЗЫ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Бүгін енді наурызға кел деп шақырып еді. Мына Бозарық деген елдімекеннің ынтымағы өте жақсы. Былтырда наурыз өткергенін көрдік. Биыл өзім келіп қатысып отырмын.
Мерекелік бағдарлама аясында ұлттық дәстүрлерді дәріптейтін сахналық көріністер қойылып, ән-күйден шашу шашылды. Түрлі этнос өкілдерінің билері орындалып, көпшілікке ерекше көңіл-күй сыйлады. Сонымен қатар, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылып, қатысушылар өзара бақ сынасты. Қазақтың салт-дәстүрін насихаттайтын көріністер көрермен ықыласына бөленді.