Түркістан облысында 3329 мекемеде 10 449 қызметкермен еңбек шарты тіркелмеген. Әсіресе, кәсіпкерлік, білім беру, әлеуметтік және ауыл шаруашылығы салаларында мұндай фактілер жиі кездеседі. Аталған салалардағы өзекті мәселелер облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте қаралды. Облыс әкімі кемшілікке жол берген жауапты басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдеріне сын-ескертпе айтып, жұмысты ширатуды тапсырды.


Мемлекеттік еңбек инспекциясының мәліметіне сәйкес, өңірдегі 2601 мекемеде 7677 адаммен еңбек шарты жасалмаған, 15 234 мекемеде 55 790 қызметкерге міндетті зейнетақы жарналары аударылмаған, кейбір мекемелерде қызметкерлер жазатайым оқиғалардан сақтандырылмаған.


 НҰРБОЛ ТҰРАШБЕКОВ, ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
 Жалпы 16 599 мекеме облыс аумағында зейнетақы жарналарын аударылмағандығы анықталды. Жұмыс беруші мекемелер мен қызметкер арасында еңбек қатынастары заңдастырылмаған 3 329 мекеменің бүгінгі таңда небәрі 728-і ғана өз қызметкерлерімен еңбек шарттарын тіркесе қалған 2 601 мекемеде жұмыс атқаратын 7 677 азаматтың еңбек қатынастары заңдастырылмай келеді бүгінгі таңға дейін.


Облыста халықты әлеуметтік қолдау және кедейлікті азайту бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. 2026 жылы 59 062 адамға атаулы әлеуметтік көмек көрсетуге 6,5 млрд теңге қарастырылған. Жылдың бірінші тоқсанында 36 890 адамға 1,6 млрд теңге көлемінде көмек тағайындалып, төленді.


 НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Еңбек шарттарын тіркемеген, міндетті зейнетақылары аударылмаған, жазатайым оқиғадан сақтандыру бойынша тиісті шарттарын жасамаған мекемелердің тізімін жасақтап, кемшілікті толық ретке келтіру қажет. Атаулы әлеуметтік көмек алушылардың санын заңға сай азайтуымыз керек. «D» және «E» санатындағы отбасылардың санын төмендету бағытында нақты іс атқаруды тапсырамын.


 Сауран, Отырар және Ордабасы аудандарында жүргізілген мониторинг барысында 675 отбасының тұрмыстық жағдайы зерделеніп, 115 кемшілік анықталды. Оның ішінде 5,3 млн теңге көлеміндегі әлеуметтік көмек негізсіз тағайындалғаны белгілі болып отыр. Облыста зауыттар мен өндіріс орындарын ашу, жұмысшыларды заңға сәйкес еңбек шарттары мен зейнетақы төлемдерімен қамту бағытындағы жұмыстар жалғасады.