Ішкі істер министрлігі ауыл шаруашылығы жануарларын шетелге негізсіз шығаруға жол бермеу бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Polisia.kz-тің хабарлауынша қолданыстағы шектеулерге қарамастан, жекелеген тұлғалар жалған құжаттарды және қалыптасқан арналарды пайдалана отырып, малды заңсыз шығаруға әрекеттенген.
24 сәуір күні Түркістан облысында жедел ақпаратты іске асыру барысында малды заңсыз әкету әрекеті тоқтатылған. Мемлекеттік шекараны кесіп өту кезінде өткізу бекеттерінің бірінде шамамен 1000 бас ұсақ мал тиелген бірнеше жүк көлігі ұсталған. Осылайша тәртіп сақшылары ауыл шаруашылығы жануарларын елден заңсыз шығаруға жол берілмей, ішкі нарыққа тиер кері әсердің алдын алған. Аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр. Жануарлар мен көлік құралдары тәркіленген.