Ауыл балаларына зор мүмкіндік. Талантты балалар сыннан өтіп Республикалық физика-математика, «Білім-Инновация» және «Дарын» мамандандырылған мектеп-лицейлерінде білім алу мүмкіндігіне ие болады. «Мың бала» ұлттық зияткерлік олимпиадасының ІІ кезеңі басталады.

Бұл олимпиаданы жетінші жыл қатарынан Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі мен «El Umiti» корпоративтік қоры ұйымдастырып келеді. Биыл ІІ кезең алғаш рет Ұлттық тестілеу орталығының негізінде өтеді. Түркістан облысы барлық өңірлердің ішінде қатысушылар саны және ІІ кезеңге өткен финалистер саны бойынша көш бастап отыр. Өңірден 2068 ауыл оқушысы Республикалық физика-математика, «Білім-Инновация» және «Дарын» мамандандырылған мектеп-лицейлерінде білім алу үшін өзара бақ сынайды.


АБЫЛАЙХАН ХАЙРУЛЛАЕВ, «EL UMITI» КОРПОРАТИВТІК ҚОРЫНЫҢ «МЫҢ БАЛА» ҰЛТТЫҚ ЗИЯТКЕРЛІК ОЛИМПИАДАСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ
Екінші кезең 28-30 сәуір аралығында өтеді. Қазақстан бойынша 5 мың оқушы қатысып отыр осы оқушылардың 2 мыңы Түркістан облысынан.

Жалпы Қазақстан бойынша І кезең қорытындысымен финалға өткен балалардың  41 пайызын  Түркістан облысының 6-сынып оқушылары құрайды. Бұл өңірдегі ауыл оқушыларының білімге деген жоғары ынтасы мен әлеуетінің нақты көрсеткіші.
 

НҰРАЯТ МЫҚТЫБЕК, ЖАРЫСҚА ҚАТЫСУШЫ
 Бірінші кезеңде өте оңай сұрақтар болды. 6 сыныпқа тиесілі тілге оңай қазақ әдебиетінен жарыс болды. Енді екінші кезеңге дайындалдық.


Жобаның миссиясы – ауыл мектептерінде білім алатын оқушылар үшін әлеуметтік лифт қалыптастыру. Мақсаты – сапалы білімді қолжетімді ету және дарынды балаларға жаңа мүмкіндіктер ашу. Алты жыл ішінде 800 мыңға жуық оқушы қатысып, 6000 оқушы жеңімпаз атанды, олардың 1800-ден астамы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептерде білім алып жатыр. 2025 жылы олимпиаданың алғашқы 145 жеңімпазы  мектепті аяқтап, жоғары оқу орындарына оқуға түскен.