«Әр бала - бір әлем». Шымкентте ерекше білім беруді қажет ететін балаларды қоғамға бейімдеудің тың тәсілдері талқыланды. «Қосалқы мектеп-интернатында» өткен қалалық семинарда мамандар ұлттық тәрбие мен заманауи дефектологияны ұштастырудың маңызына тоқталды. Тақырыпты әріптесім тарқатады.


Бүгінгі таңда ерекше балаларды әлеуметтендіру – тек білім беру саласының емес, тұтас қоғамның алдында тұрған маңызды міндет. Аталған білім шаңырағында зияты зақымдалған балаларға арналған оқу процесі тек қағаз бен қаламмен шектелмейді. Мұндағы негізгі ұстаным – баланы өмірге дайындау. Семинар барысында мамандар әр оқушының зият деңгейіне қарай бейімделген арнайы бағдарламаларды таныстырды.


НАРТАЙ ШОРАБЕК, ҚОСАЛҚЫ МЕКТЕП-ИНТЕРНАТЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
 Бұл мекеме 1977 жылдан бері жұмыс істеп келеді.Біздің мақсат-балаларды қоғамға бейімдеу арқылы еңбекке баулу.Ал сол балаларды ұлттық құндылық арқылы тәрбиелеу-бөлек дүние.


 Семинар аясында ұйымдастырылған көрме көпшілікті тәнті етті. Мұнда балалар шығармашылықпен айналысып, қолөнер бұйымдарын дайындайды. Ата-аналарға да кәсіби психологиялық қолдау көрсетіледі.


ГАУХАР БАЛДАНБАЕВА, ҚАЛАЛЫҚ ӘДІСТЕМЕЛІК ОРТАЛЫҚТЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ
Бүгінгі семинардың ерекшелігі-ерекше балаларды ұлттық құндылыққа тәрбиелеу. Бұл жерде ата-ананың да еңбегі зор.Олар түрлі методика арқылы бүлдіршіндердің дамуына жол ашып келеді.


Жиында қатысушылар өзара тәжірибе алмасып, ерекше балаларды оқытудағы инновациялық әдістерді талқылады. «Әр бала дана, дара» жобасы алдағы уақытта да балалардың әлеуметтік ортаға еркін араласуына жол ашады, дейді ұйымдастырушылар.