Шымкент қалалық жастар тетарының тағы бір тың туындысы көрерменге жол тартты. Өнер ордасында «Қалың елім, қазағым» атты поэтикалық толғаудың тұсаукесері өтті. Хәкім Абай мен батыр Махамбеттің шығармашылығына негізделген қойылым көптің көңілінен шықты.


 Бұл туынды - Абайдың терең пәлсапасы мен Махамбеттің отты жырларын бір арнаға тоғыстырып, ұлттық болмыстың мәнін айшықтаған қойылым. Салтанатты кешке Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы арнайы қатысып,  қойылымның рухани маңызына жоғары баға берді. Еліміздің еңбек сіңірген қайраткері Дариға Тұранқұлованың кәсіби жетекшілігімен сахналанған бұл жоба азаттық рухы мен ұлттық құндылықтарды жаңа форматта дәріптеуді мақсат тұтады.


ДАРИҒА ТҰРАНҚҰЛОВА, ҚР ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ, ҚОЙЫЛЫМ ЖЕТЕКШІСІ
Қойылымның атауын «Қалың елім, қазағым» деп қойдым.Абай мен Махамбеттің шығармашылығымен көрерменді етене таныстыру мақсатым болды.Бұл ойымды бас режиссерге айттым.Бірден құптап, өз тұжырымын да айтып, осы қойылымды шығару туралы шешімге келдік.


Даналық пен өрлік астасқан қойылым көрерменді тарихи танымның жаңа биігіне жетеледі. Рухани кештің тағы бір ерекшелігі бар. Бұл жолы дуалды оқыту жүйесімен театрға қабылданған 25 студент киелі сахнада өнер көрсетіп, шеберлігін шыңдады.


ҚАЗЫБЕК ҚОЖАХМЕТ, ШЫМКЕНТ ЖАСТАР ТЕАТРЫНЫҢ ӘРТІСІ
Бұл-поэтикалық толғау.Махамбет Өтемісұлы мен Абай Құнанбайұлының туындыларын оқимыз.Мен батыр Махамбеттің рөлін сомдаймын.Қойылымның көрерменге салар ойы ерекше деп ойлаймын.


Қойылым көпшіліктің көңілін тербеді. Ал шығармашылық ізденісін тоқтатпайтын жастар театры алдағы уақытта да көрерменді тың туындылармен қуантпақ.