Қазақстан – бірлік пен берекенің бастауы болған мекен.Қонақжай халқымыз қилы кезеңде өзге ұлт өкілдерін жатсынбай, бір үзім нанын бөліп беріп, талай қиындықты еңсеруге атсалысты.Өгейсінбеді, өзекке теппеді. Осы бір үлкен отбасының ажырамас мүшесі, мәдениеті мен тарихы ұқсас татар ағайындар – елдің рухани қазынасын байытып, достықтың жарқын үлгісін көрсетіп келеді.Мереке қарсаңында тілшіміз татар халқының тарихымен танысып қайтқан еді.Сюжет көріңіз.

Тарихтың қатпарлы парақтарында тағдырлас, тамырлас ұлттардың ізі сайрап жатыр. Соның ішінде, Алтай мен Еділдің арасын еркін жайлаған, қазақпен қаны да, жаны да бір татар халқының орны ерекше.


Жиырмасыншы ғасырдың отызыншы-қырқыншы жылдары. Қилы заманның құрығына ілініп, туған топырағынан ажыраған мыңдаған татар отбасылары қазақ даласына депортацияланды. Еділ бойынан үдере көшкен жандарды қазақ халқы «өзінде жоқ болса да, барымен бөлісіп», бір үзім нанын бөліп беріп, бауырына басты.


Татардың жібекпен зерленген киімі мен қазақтың кестелі өнерінде ортақ сарын, ұқсас қолтаңба бар. Арулардың басындағы кәлпек пен жібек камзолдарға үңілсеңіз, дала гүлдерінің бейнесін көресіз. Барқыт пен жібекке түскен кестелер – қос ұлттың да сұлулыққа деген құштарлығын айқындайды. Алтын жіппен зерленген қолөнер бұйымдары талайды таңғалдырмай қоймайды.


 Татар халқы қазақ құндылықтарын жатсынбайды. Тілімізді қадірлеп, салт-дәстүрді бәрінен биік қояды. Кейіпкерлеріміздің айтуынша, қазақ мәдениетіне деген мұндай құрмет - екі халықтың тамырлас тарихы мен туыстық ниетінен бастау алады.


Дастарханда көздің жауын алып тұрған бұл тәтті «Құс тілі» деп аталады. Тағамның дайындалу жолы тіптен оңай. Татар халқы алдымен таза жұмыртқа мен жоғары сұрыпты ұнды араластырып, жұмсақ қамыр илейді. Дайын болған өнімді ұсақ бөлшектерге бөліп, баяу отта қуырып алады.


 Қазақстанның кең даласы барша ұлтқа ортақ бесік болса, сол бесікті тербеткен бірлік пен келісім - мемлекетіміздің мызғымас тірегі. Дастархандағы дәм мен көңілдегі ақ ниет тоғысқанда, ешқандай жаттыққа орын қалмайтыны хақ.