Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетіне қарасты «Қазқайтажаңарту» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының бас директоры Олжас Шарияздановпен және аталған кәсіпорынның Тараз филиалының директоры Нуртулла Бекбергеновпен кездесті.
Кездесуде «Қазқайтажаңарту» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының өкілі Сауран қалашығы мен осы аумақтағы тербелмелі қос мұнараға байланысты ұсыныстарын жеткізді. Тарихи мұнараларды дәл сол заманғы технологиямен қайта қалпына келтіру мәселесі көтерілді. Жоба Сауран қалашығының тарихи-мәдени құндылығын арттырып қана қоймай, оның туристік әлеуетін күшейтуге мүмкіндік бермек. Басқосуда тарихи ескерткіштердің сақталуын қамтамасыз ету, оларды қорғау талаптарын қатаң сақтау қажеттігі айтылды. Облыс әкімі тарихи ескерткіштерді қорғау, туризмді дамыту маңызды іс екеніне тоқталды. Кездесу барысында қос тарап жобаларды жан-жақты зерделеу жөнінде уағдаласты.