Шымкентте Отбасы банк бастамасымен «Ұлттық қор - балаларға» атты ауқымды форум өтті. Жиында ел болашағына бағытталған қаржы көздерін тиімді пайдалану, тұрғын үй жинақ жүйесінің мүмкіндіктері және халықты баспанамен қамту тетіктері жан-жақты талқыланды..
Форум аясында аталған бағдарламаның жұмыс істеу тетігі жан-жақты түсіндірілді. Бағдарламаға сәйкес, 2006 жылы және одан кейін туған Қазақстан азаматтарының барлық балаларына Ұлттық қордың инвестициялық кірісінің 50 пайызы бөлінеді. Бұл қаражат 2024 жылдан бастап жыл сайын есептеліп, бала 18 жасқа толғанға дейін жинақтала береді.
Сондай-ақ жиында ғылым саласында еңбек етіп жүрген жас мамандарды қолдауға бағытталған тұрғын үй бағдарламалары да таныстырылды. Атап айтқанда, жеңілдетілген шарттар арқылы жас ғалымдарға баспана алу мүмкіндігі қарастырылған. Биылдың өзінде осы бағдарлама аясында шамамен 10-ға жуық жас маман тұрғын үйге қол жеткізіп, арнайы марапаттау рәсімі өтті.
АБАЙ ӘПЖАППАРОВ, М.ӘУЕЗОВ АТЫНДАҒЫ ОҚЗУ АҒА ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРІ
Осыдан жеті жыл бұрын анам «Отбасы банктен» жеке шот ашты.Одан соң мен де аштым. Ортақ қаражат жинап, университеттің жолдауымен банкке бардық.Мамандардан кеңес алып, керекті қаражаттың он пайызын жинап, қазіргі таңда баспаналы болдық.
Шара барысында қатысушылар тұрғын үй мәселесіне қатысты өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алып, жинақ жүйесінің негізгі қағидаларымен танысты. Мамандар тарапынан нақты түсіндірмелер беріліп, қолжетімді бағдарламалардың шарттары кеңінен баяндалды.