1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай Сайрам ауданында жаңа ойын-сауық паркі ел игілігіне берілді. Ақсу ауылындағы орталық саябақта орналасқан ойын алаңының ашылуына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қатысып, аудан тұрғындарын мерекемен құттықтады.


 Жаңартылған саябақ аумағы заманауи инфрақұрылыммен қамтылған. Орталық бөлігінде әсем субұрқақ орнатылған. Жаңа демалыс аймағында 20-ға жуық аттракцион орналастырылды. Сонымен қатар келушілер үшін фуд-корт аймақтары мен демалыс орындары жасақталған. Жоба инвесторлар есебінен жүзеге асырылып, оған шамамен 675 миллион теңге жұмсалған.


 ЖЕЙРАН ИМАНОВА, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ
Балалар үшін керемет аттракциондар ашылды. Бұл – ауыл балалары үшін үлкен мүмкіндік. Қалаға бармай-ақ, өзіміздің ауданымызда демалып, уақыт өткізе алады. Рахметіміз шексіз, өте қуаныштымыз.


 БАЗАРБАЙ АЙТБАЕВ, САЙРАМ АУДАНДЫҚ ҚОҒАМДЫҚ КЕЛІСІМ КММ БАСШЫСЫ
Саябағымыз жаңарып, аттракциондармен толықты. Облыс әкімінің бастамасымен халыққа жағдай жасалып отыр. Болашақта бұл орталық саябақта ауданның негізгі көпшілік іс-шаралары өтеді деп жоспарлануда. Бұрын қараусыз қалған аумақ қазір жаңарып, көрікті демалыс орнына айналды.


 Мерекелік шара барысында облыс әкімі Нұралхан Көшеров жергілікті этнос өкілдері ұйымдастырған көрмені аралап, тұрғындарды құттықтады. Өз сөзінде 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні елдегі татулық пен келісімнің символы екенін атап өтті.


НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Бүгінде Сайрам ауданында 243 мыңнан астам халық тұрады. Олардың қатарында 39 этнос өкілі бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп келеді. Бұл – еліміздегі бірлік пен қоғамдық келісімнің айқын көрінісі. Жаңа саябақ аумағында балаларға арналған заманауи аттракциондар орнатылды. Жобаға 675 миллион теңге инвестиция тартылды. Саябақ халықтың сүйікті демалыс орнына айналатынына сенемін.


 Жаңа ойын-сауық паркі Сайрам ауданы тұрғындары мен қонақтары үшін тартымды демалыс орнына айналып, өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға өз үлесін қоспақ.