Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде қос мерейтой қатар атап өтілді. Білім ордасында ұлт руханиятының жанашыры Өзбекәлі Жәнібековтің 95 жылдығына арналған ауқымды жиын өтті. Тағылымды басқосу оқу орнындағы «Музыкалық білім» кафедрасының 30 жылдығымен тұспа-тұс келді. Жиын жайын тілші тарқатады.
«Ұлт жадын жаңғырту: Адал азамат феномені». Аталған тақырыпты арқау еткен республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция Астана мен Шымкент қалаларының зиялы қауым өкілдерін бір арнаға тоғыстырды. Жиынның шымылдығын ашқан басқарма төрағасы қайраткердің қазақ мәдениетіне қосқан үлесіне тоқталып, еңбегін ерекше атап өтті.
ӘЛІБЕК НҰРТАЕВ, Ө. ЖӘНІБЕКОВ АТЫНДАҒЫ ОҚПУ РЕКТОРЫ
Жалпы, біздің өнер, мәдениет саласының мамандары келешек педагогтерді осы бағытта тәрбиелеп келеді. Өткен жылы өнер факультетінің материалдық-техникалық базасын нығайтып, арнайы қаражат бөлдік. Енді мәдениетті жетілдіруге ерекше үлес қоспақпыз.
Өзбекәлі Жәнібеков – тарихи жәдігерлер мен этнографиялық музейлердің қайта түлеуіне, Қожа Ахмет Ясауи кесенесін қалпына келтіруге мұрындық болған бірегей тұлға. Оның бастамасымен құрылған ұлттық өнер ансамбльдері бүгінде халықтың баға жетпес байлығына айналды. Мерейлі сәт университеттің «Музыкалық білім» кафедрасының 30 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр.
АЙДАЙҚЫЗ БАЙБАТШАЕВА, Ө. ЖӘНІБЕКОВ АТЫНДАҒЫ ОҚПУ ӨНЕР ЖӘНЕ БІЛІМ ФАКУЛЬТЕТІНІҢ ДЕКАНЫ
Бүгін «Музыкалық білім» кафедрасының 30 жылдық мерейтойын атап өтіп жатырмыз. Біздің оқу орнында 65 оркестр, 100 домбыра, 120 хор бар. Сондықтан бүгінгі концертті жанды дауыста ұйымдастырамыз.
Биыл қайраткердің мерейтойына орай оқу ордасында 95 іс-шара өткізу жоспарланған. Оқу, ғылым және тәрбие бағыттарын қамтитын бұл бастамалардың бәрі де «Адал азамат» идеясын дәріптеуге негізделген.