Төлебидегі сел салдары ретке келтірілді. Еске салсақ, өткен мереке күндері таулы аймақта жауын-шашынның шамадан тыс көп жаууына байланысты су тасқыны орын алған болатын. Қазір жағдайды аудан әкімі Еркеғали Әлімқұлов өз бақылауына алған.Табиғи құбылыс салдарынан Қаратөбе, Алатау, Аққұм және Бірінші Мамыр ауылдық округтеріндегі тұрғын үйлердің аулаларына су кіріп, бірқатар инфрақұрылым нысандарына зақым келген.
Аудан әкімдігі тарапынан жедел түрде тиісті шаралар қабылданып, жағдай толық бақылауға алынды. Атап айтқанда, арнайы техникалардың көмегімен аулалардағы су сыртқа шығарылып, тұрғындарға қажетті көмек көрсетілді. Оқиға орнына Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұлов арнайы барып, зақымдалған нысандарды қалпына келтіру жұмыстарын жеделдетуді тапсырды. Қазіргі таңда аумақтарда тазарту және қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда.
Сонымен қатар, Алатау ауылдық округінде су тасқыны салдарынан бірнеше көпірді су шайып кеткен. Нәтижесінде 38 автокөліктегі 81 азамат эвакуацияланып, Шымкент қаласына жеткізілді. Жалпы аудан бойынша зардап шеккендер тіркелген жоқ. Бүгінде жағдай тиісті мекемелердің тұрақты бақылауында.
Аудан басшысы аралау барысында қызыл сызық бойында заңсыз тұрғызылған бетон қоршаулар бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Нысан иелері қоршауды бұзатындарын айтып, алдағы уақытта мұндай келеңсіздіктерге жол бермеуге уәде етті.
Жергілікті билік тұрғындар мен әлеуметтік желі қолданушыларын басқа өңірлерде немесе шет мемлекеттерде оның ішінде Қырғызстан, Дағыстан елдерінде түсірілген су тасқынына қатысты бейнематериалдарды Төлеби ауданына қатысты деп жалған ақпарат таратпауға шақырады. Ресми әрі нақтыланған ақпарат көздеріне ғана сүйену маңызды.