Қазақ күресінен облыстық дода өз мәресіне жетті. «Оңтүстік Қазақстан» газетінің ұйытқы болуымен өткен бұл турнир биыл 63-ші рет ұйымдастырылып отыр. Тарихы терең бәсеке жайлы келесі сюжетте.
Киелі Отырар топырағы тағы бір мәрте палуандардың дүбірлі додасына куә болды. 1958 жылы Мәди Байтұрсыновтың бастамасымен негізі қаланған бәсекеге биыл облыстың түкпір-түкпірінен 100-ге жуық балуан жиналды. Олар 7 дәреже бойынша боз кілемде күш сынасты. Дәстүр бойынша тек «Түйе палуанға» берілетін автокөлік бұл жолы барлық салмақ дәрежесіндегі спортшылар арасында сарапқа салынды.
АБАЙ БАЛАЖАН, «ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН» ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ ГАЗЕТІНІҢ ДИРЕКТОРЫ-БАС РЕДАКТОРЫ
Биыл бұл жарыстың бірнеше ерекшелігі бар. Біз жылда ауыр салмақтағы жігіттерді түйе палуанға қатыстырып, жеңімпазға жеңіл көлік сыйға тартатынбыз. Ал биыл байқау талабы өзгерді. Барлық салмақ дәрежесіндегі қатысушылар автокөлікті ұтып алуға үміткер бола алады. Кейін ортаға жеребе тасталып, жеңімпаз балуан анықталады.
Екі күнге созылған тартыста 60 келіден бастап, аса ауыр салмаққа дейінгі балуандар бақ сынасты. Нәтижесінде Шардара ауданының намысын қорғаған Қайсар Шамшидинов қарсыластарын жеңіп, топ жарды. Жеңімпазға жаңа автокөліктің кілті табысталды.
ҚАЙСАР ШАМШИДИНОВ, ЖАРЫС ЖЕҢІМПАЗЫ
Бүгін тартысқа толы турнир өтті. Былтыр Шардарада өткен жарыста да жеңімпаз атанған едім. Биыл автокөлік маған бұйырды. Жарысты ұйымдастырушыларға алғысым шексіз.
Жарыс қорытындысы бойынша Отырар ауданы бірінші орынды иеленді. Екінші орынға Түркістан қаласы табан тіреді. Ал үздік үштікті 110 ұпаймен Шардара ауданы түйіндеді. Ұлттық рухты асқақтатқан дода алдағы уақытта да жалғасын табады.