Есірткі жарнамалары жойылып, орнына көркем суреттер салынды. Бірлік күніне орай Шымкентте тазалық пен көркемдікке бағытталған акция өтті. Шымкент қаласының Тұран ауданында орналасқан «Балбұлақ» балабақшасының маңында қабырғаларды әрлеу және сәндеу жұмыстары жүргізілді. Іс-шара 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай «Таза Қазақстан» және «Есірткісіз болашақ» акциялары аясында ұйымдастырылды.


Ауқымды бастамаға елуге жуық жас суретші мен еріктілер қатысты. Олар аудан аумағында тазалық жұмыстарын жүргізіп, балабақша қоршауларын мазмұнды суреттермен безендірді. Сонымен қатар көше бойындағы ретсіз жазулар мен заңсыз жарнамалар тазартылып, қоғамдық кеңістіктің эстетикалық келбеті жақсартылды.


ХАНШАЙЫМ ТАБЫСБЕК, ЕРІКТІ
Бұл жерде бұрын есірткі жарнамалары болатын. Біз оны көркем суретпен көмкеріп жатырмыз. Себебі бұл жермен кішкентай балалар жиі өтеді. Соларға жақсы әсер қалдыруды мақсат еттік.


 Шараны Шымкент қалалық жастар ресурстық орталығы қалалық балалар көркемсурет мектебімен бірлесіп ұйымдастырды. Акцияға қатысқан оқушылар мен өнер мектебінің тәрбиеленушілері өз шығармашылық қабілеттерін көрсетіп, қабырғаларға табиғат көріністерін, жануарлар бейнесін және түрлі этнос өкілдерінің ұлттық нақыштағы суреттерін бейнеледі. Бұл қоғамдағы бірлік пен достықты дәріптеуге бағытталды.


ЖАНСЕРІК ЖҰМАН, ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ
 Бұл қаламыздағы есірткі жарнамалары көп кездесетін орындардың бірі болатын. Бұрын қабырғалар жарнамаларға толы еді. Біз мұны көрікті әрі пайдалы кеңістікке айналдыруға болатынын көрсетіп жатырмыз.


Айта кетейік, мұндай шаралар Шымкент қаласында жүйелі түрде өткізіліп келеді. Бұл бастамалар жастардың қоғам өміріне белсенді араласуына және қаланың таза әрі көрікті болуына ықпал етуде.