Қазақстан 2030 жылға қарай электр энергиясының тапшылығын сезінуі мүмкін. Қажетті ресурстар сарқылып, электр қуатының жетіспеушілігі байқалуы ықтимал. Мәселені шешу үшін мемлекет халықтың пікірін ескере отырып, атом электр станциясын салуды жоспарлап отыр.
Тапшылықтың алдын алып, электр энергиясының жетіспеушілігін болдырмау үшін жаңа технологияларға сүйену – тиімді шешім, дейді мамандар. Олардың айтуынша, энергияның баламалы көздері елдің энергетикалық әлеуетін арттырады. Алайда атом энергиясына қатысты қоғамда алаңдаушылық бар. Негізгі себеп – Чернобыль мен Фукусимадағы апаттар. Мамандардың пікірінше, бұл оқиғалар адами фактордың салдарынан болған. Ал қазіргі автоматтандырылған жүйелер мұндай қауіптердің алдын алуға мүмкіндік береді.
НҰРСҰЛТАН ФАЙЫЗ, М. ӘУЕЗОВ АТЫНДАҒЫ ОҚЗУ ОҚЫТУШЫСЫ
– Біз алдағы уақытта бәсекеге қабілетті мемлекеттердің қатарында боламыз десек, өндіріс орындарын көбейтуіміз керек. Ол үшін электр энергиясы қажет. Кейбір азаматтар Чернобыльдегі апатты алға тартады. Алайда жаңа жүйелерде мұндай қауіптердің алдын алу тетіктері қарастырылған.