Мегаполистегі Арбатта жас флористер мен дизайнерлер арасында байқау ұйымдастырылды. Шараға елуге жуық жас қатысып, өз жұмыстарын қазылар алқасының қарауына ұсынды. Іс-шара аясында көрме және мәдени-танымдық бағдарламалар қатар өтті.


 Байқау өткен аумақта қатысушылардың шығармашылық жұмыстары қойылып, келушілер назарына ұсынылды. Көрмеде ұлттық нақыштағы бұйымдар, оның ішінде киізден жасалған және қолмен тоқылған кілемдер ерекше көзге түсті.


 ЗАМАНБЕК ОРЫНБЕКОВ, «VISIT SHYMKENT» ТУРИСТІК АҚПАРАТТЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ
 Шымкент қаласының тұрғындары мен туристеріне арнап мерекелік шара ұйымдастырып жатырмыз. Шымкент қаласы туралы арнайы фотокөрме, қолөнершілердің көрмесі, жас флористер мен дизайнерлер арасында байқау өтуде.


 Байқау барысында жас флористердің гүл композициялары да көпшілік назарын аударды. Түрлі пішін мен мазмұнда әзірленген гүл шоқтары көрменің мазмұнын толықтырды. Іс-шара ұйымдастырушылары келушілер үшін бірқатар қосымша алаңдар жасақтаған. Атап айтқанда, фотозона, сұлулық бұрышы және ұлттық киімдерді таныстыруға арналған киіз үй жұмыс істеді.


АРУЖАН ЕРКІН, Ә. ҚАСТЕЕВ АТЫНДАҒЫ ӨНЕР ЖӘНЕ ДИЗАЙН КОЛЛЕДЖІНІҢ СТУДЕНТІ
Бұл жұмыс екі сағатта бітетін дүние емес. Қағаз қиындыларын жапсыру көп уақыт алады. Кеше аяқтап, бүгін алып келдім. Аттың бейнесін салып, иллюстратор бағдарламасына жібердім.


Сонымен қатар, сахнада қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін бейнелейтін театрландырылған қойылым көрсетіліп, ұлттық билер орындалды. Шара жас шығармашылық өкілдерін қолдауға және олардың еңбегін кеңінен таныстыруға бағытталды.