Жастар екі күн бойы әскери өмірді сезінеді. Камуфляж киіп, етікпен оқу-жаттығуға қатысып, сарбаздар асханасынан дәм татады. Бұл жобаны Шымкент қаласы Жастар саясаты басқармасы ұйымдастырып отыр. 6506 Ұлттық ұлан әскери бөлімінің «Ақтас» оқу-жаттығу орталығында техникалық, кәсіптік және орта білім беру мекемелері арасында «Айбын» әскери-патриоттық сайысы басталды.


 Жастарды әскери-патриоттық рухта тәрбиелеуге бағытталған «Айбын-2026» кешенді сайысына мегаполистегі 16 колледжден 100-ден астам студент қатысуда. Олар командалық бірлікті танытып, әскери жаттығулардан бөлек футбол, волейболдан да жарысады.


 ЕРМҰХАМЕД ЕЛУБАЙ, СТУДЕНТ
Осы жарысқа үлкен дайындықпен келдік. Бір жыл бойы алған теориялық білімімізді практикада көрсетуге дайынбыз.


АЙША ДОСҚАРА, СТУДЕНТ
Бүгінгі сайыста бір жылда өткен теориялық сабақтарымызды тәжірибе жүзінде көрсетеміз. Қатысушыларға сәттілік тілеймін. Жалпы, әскери киім кию әр азаматтың борышы деп білемін. Өзіме жақсы әсер қалдырды.


Іс-шараның мақсаты – жастардың Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне деген оң көзқарасын қалыптастыру, олардың дене дайындығын арттыру және әскери-қолданбалы дағдыларын жетілдіру. Сонымен қатар, сайыс өскелең ұрпақтың бойында патриоттық сана, жауапкершілік пен тәртіпті дамытуға бағытталған.


АЗАМАТ ПАРМАНОВ, ЖАСТАР САЯСАТЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Басты мақсат – жастарды әскери-патриоттық рухта тәрбиелеу, отансүйгіштікке баулу және олардың әскерге деген қызығушылығын арттыру.


 МҰСЫЛМАНҚҰЛ БҰРХАНОВ, ӘСКЕРИ ЖЕТЕКШІ
Жас сарбаздарды батырлық пен ерлікке баулып жатқан ұйымдастырушыларға алғыс білдіремін. Қатысушылардың дайындығы жоғары, қызығушылықтары да айқын байқалады.


Жарыс қорытындысы бойынша үздік командалар I, II, III орындармен марапатталады. Жүлде қоры да қомақты. Бірінші орынға – 400 мың, екінші орынға – 200 мың, үшінші орынға – 150 мың теңге қаржылай сыйақы қарастырылған. Сонымен қатар, үздік жастар арнайы кубоктар мен дипломдарға ие болады. Ерекше көзге түскен 30 жас сарбаз арнайы номинациялармен марапатталады.