Ел үкіметі әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын реттеуге баса мән беріп отыр. Мұндай тауарларға қызанақ пен қияр өнімдері де енген. Осыған байланысты «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС Түркістан облысы әкімдігі және Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің облыстық департаментінің қолдауымен әлеуметтік маңызы бар өнім өндірушілер үшін жеңілдетілген тариф ұсынып отыр. Мәселен, жылыжай шаруалары үшін электр энергиясының бағасы 8 теңгеге арзандатылған. Бұл өз кезегінде қияр мен қызанақ бағасының төмендеуіне оң ықпал етпек. Серіктестіктің игілігін көріп отырған шаруалармен арна тілшісі тілдесіп қайтты. 



Жеңілдетілген тарифтің игілігін көріп отырған кәсіпкерлік нысандардың бірі – «Казагроном» жылыжай кешені. Мұнда 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жылыжайда жылына 600 тонна қияр, 100 тонна қызанақ өндіріледі. Электр энергиясын көп қажет ететін кешен үшін тарифтік жеңілдік жұмысына тың серпін беріп отыр.


ШАХНОЗА ОРАЗОВА, «КАЗАГРОНОМ» ЖШС ДИРЕКТОРЫ
Біз бұл шаруашылықты жүргізіп келе жатқанымызға 10 жылдай уақыт болды. Ауыл шаруашылығы – шығыны көп сала. Шығынның басым бөлігі газ бен электр энергиясына кетеді. «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС ұсынған жеңілдіктің арқасында жылына 2 миллион теңге үнемдейтін болдық. Бұл өз кезегінде өнім бағасының арзандауына әсер етеді.


Бұған дейін мегаполистегі жылыжайлар 1 кВт/сағат үшін 48 теңге төлеп келген. Ал жеңілдетілген тарифке өтінім берген шаруалар қазір 1 кВт/сағат үшін 39,8 теңге төлейді. Бұл жеңілдіктер өндірушілердің шығындарын азайтып, өнім бағасының өсуін тежеуге бағытталған.


 ТҰРАР ҚОУАҚОВ, «ОҢТҮСТІК ЖАРЫҚ ТРАНЗИТ» ЖШС БАС МАМАНЫ
Қала мен облыста әлеуметтік маңызы бар 31 түрлі өнім өндіретін кәсіпкерлерге жеңілдіктер қарастырылған. Атап айтқанда, сүт өнімдері, ет өндірісі, сондай-ақ қызанақ пен қияр өсіретін шаруалар қамтылған. Кәсіпкерлер бізге келіп өтінім берсе, біз әрдайым қолдауға дайынбыз.


 Бүгінде Шымкентте әлеуметтік маңызы бар өнім өндіретін 43 бизнес субъектісі жеңілдетілген электр энергиясын пайдаланып отыр. Бұл тариф Түркістан облысы мен Шымкент қаласындағы арнайы кәсіпорындарға қатысты қолданылады. Тарифтің шарттары мен талаптары туралы толық ақпаратты «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС және Табиғи монополияларды реттеу комитетінің облыстық департаментінің ресми сайттарынан білуге болады.