Шымкентте жедел жәрдемнің қозғалысын картадан бақылау мүмкіндігі пайда болды. Жаңашылдық әсіресе басы ауырып, балтыры сыздап, шұғыл дәрігер шақыртқанда секунд санайтындар үшін тиімді. Цифрлық жүйе арқылы жедел жәрдем қызметінің қозғалысын онлайн бақылаушылар саны артып келеді.
Әзірге жаңа жүйені ауыр хәлдегі тұрғындар ғана пайдалана алады. Шақырту тіркелген сәттен бастап бригаданың қозғалысы онлайн бақылауға алынады. Сонымен қатар жедел жәрдем көмегіне мұқтаж науқасқа SMS хабарлама жіберіледі. Сілтеме арқылы жедел жәрдем көлігінің геолокациясын көруге болады. Көмек көрсетілгеннен кейін қызмет сапасын бағалау мүмкіндігі де қарастырылған.
МҰХИТ КЕМЕЛОВ, ҚАЛАЛЫҚ ЦИФРЛАНДЫРУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Кейде мекенжайдан ауытқу жағдайлары байқалады. Немесе ең жақын жедел жәрдемді бағыттау да қиындық тудырады. Осы мәселелерді шешу мақсатында жүйе енгізілді. Бұл — үш түрлі жүйенің интеграциясы нәтижесінде іске асқан жоба. Пациент жедел жәрдемнің қозғалысын көріп отыруы үшін және оның мекенжайға тез жетуі үшін жасалған.
Шымкенттегі сынақ сәтті болса, жаңа жүйені кезең-кезеңімен өзге өңірлерге енгізу жоспарланып отыр. Мамандардың айтуынша, бұл қоңыраулар ағынын азайтып, диспетчерлік қызметке түсетін жүктемені жеңілдетеді. Соның арқасында шұғыл шақыртуларға дер кезінде жауап беруге мүмкіндік туады.
РАЙГҮЛ ЕСЕНАЛИЕВА, ҚАЛАЛЫҚ ЖЕДЕЛ МЕДИЦИНАЛЫҚ ЖӘРДЕМ СТАНЦИЯСЫНЫҢ БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ
Бригаданың қай жерде келе жатқанын сұрап, екі-үш рет қоңырау шалады. «Шықты ма, қашан жетеді?» деген сұрақтар көп уақыт алады. Соның салдарынан келесі адам 103-ке хабарласа алмауы мүмкін. Линияны босату, диспетчердің жұмысын жеңілдету мақсатында осы жоба іске қосылды.
Қазір жедел жәрдем орталығына тәулігіне екі мыңға жуық шақырту түседі. Соның ішінде 150-ден астамына көлік бағытын бақылауға мүмкіндік беретін сілтеме жіберіледі. Тұрғындар бұл мүмкіндіктің қолайлы екенін айтуда.
ЕРҒАЗЫ БАЙДІЛЛӘЕВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Кеше ғана бауырым талма ұстап қалды. Жедел жәрдем шақырдық, қайда келе жатқанын білгіміз келді. Осы жүйе ыңғайлы болды, қарап отырасың, қажет болса бірден тексересің.
Жобаны алдағы уақытта барлық шақыртуларға қолдану жоспарланып отыр. Сонымен бірге арнайы қосымшада жедел жәрдем қызметіне арналған жеке бөлім пайда болады. Бұл қызметті пайдалануды одан әрі жеңілдетуге бағытталған.