Елімізде әлеуметтік маңызы бар өнім өндірушілер үшін бірқатар жеңілдіктер қарастырылды. Атап айтқанда, электр энергиясымен қамтуда тиімді қолдау көрсету ісін Түркістан облысы әкімдігі мен Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитетінің өңірлік департаменті «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-мен бірлесіп қолға алды. Жоба аясында өңірде қияр мен қызанақ өндіретін қожалықтар мен жылыжайларға тариф 8 теңгеге төмендетілді. Бұл шара еліміздегі маңызды азық-түлік бағасын тұрақтандыруға бағытталған. Тақырыпты тілші тарқатады.
Жеңілдетілген тарифтің игілігі жылыжай шаруашылықтарына оң әсер етуде. Мәселен, «Мәлике» шаруа қожалығы электр бағасының төмендеуі нәтижесінде жылына 500 мың теңге үнемдейді. Шығыны көп бұл шаруашылық үшін жарты миллион теңгенің өзі айтарлықтай көмек.
ІЛИЯСБАЙ ИСАХОВ, «МӘЛИКЕ» ШҚ ӨКІЛІ
Бүгінгі таңда «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС көп қолдау көрсетіп жатыр. Бұрын 1 кВт/сағ үшін 48 теңге төлесек, қазір 39 теңгеден төлеудеміз. Соның нәтижесінде шамамен 500 мың теңге үнемдейміз деп отырмыз.
«Мәлике» шаруа қожалығы 3 гектар жерге қызанақ еккен. Мұнда 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Қожалықта 70 мың қызанақ көшеті отырғызылған. Нәтижесінде 300 тонна өнім жинау жоспарланып отыр. Құжаттарын уақытылы тапсырған шаруаларға жеңілдік әлі де қарастырылатынын жеткізді жарық беруші мекеме өкілдері.
ТҰРАР ҚОСУАҚОВ, «ОҢТҮСТІК ЖАРЫҚ ТРАНЗИТ» ЖШС БАС МАМАНЫ
Бұл мекемелердің барлығы қажетті құжаттарын тапсырып, жеңілдетілген тарифке ауыса алады.
Бұл тиімді ұсыныс Түркістан облысы мен Шымкент қаласындағы әлеуметтік маңызы бар өнім өндірушілерге ұсынылып отыр. Өңірде осындай 380 кәсіпорын электр энергиясының 1 кВт/сағ үшін 39,8 теңге төлейді. «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС ұсынған жеңілдетілген тариф бизнеске қолдау көрсетіп, тұтынушыларға да тиімді жағдай жасауда.