Жаһандану дәуірінде ұлттық болмысты сақтау, жас ұрпақтың санасына төл құндылықтарды сіңіру – қоғам алдында тұрған өзекті міндеттердің бірі. Осы бағытта бүгін Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің кезекті пленумы өтті. Алқалы жиында ұрпақ тәрбиесі, ұлттық құндылықтарды жаңғырту мәселесі талқыланды.
Басқосу барысында ардагерлер бүгінгі қоғамдағы тәрбие мәселесіне тоқталды. Айтуларынша, технология дамып, ақпарат ағыны күшейген заманда жастардың ұлттық танымын әлсіретіп алмау – ортақ міндет. Жиында Мемлекет басшысы жүктеген міндеттер де негізге алынды.
ЖЕҢІСБЕК МӘУЛЕНҚҰЛОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ
Біздің ұлттық құндылықтарымызды, салт-дәстүрді, тіл мен ділді жастардың бойына сіңіру үшін осындай жиындарды ұйымдастырамыз. Әжелер, ақсақалдар кеңесі түрлі жоспарларды қолға алған. Қазір соларды жүзеге асыру үшін жұмыс істеп жатырмыз.
Жиында көтерілген маңызды бастамалардың бірі – мектеп бағдарламасына «Дәстүртану» пәнін енгізу. Қатысушылардың пікірінше, ұлттық тәрбие тек отбасы аясында шектелмей, мектеп қабырғасынан бастау алуы тиіс. Себебі рухани сабақтастық үзілген жерде ұлттың іргесі әлсірейді.
ГҮЛСАРА ИСАХАНҚЫЗЫ, ПЕДАГОГИКА ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ
«Дәстүртану» пәні біртұтас тәрбие тұжырымдамасына негізделген. Яғни ұстаздардың жұмысына көмекші құрал болып, ұлттық құндылықтарға тәрбиелейді. Сондықтан мектеп бағдарламасына бұл пәнді енгізуді ұсынамыз.
Жиында «Әжелер алқасының» атқарған жұмыстары да сараланып, отбасы институтын нығайтудағы рөлі атап өтілді. Қатысушылар отбасы тәрбиесін күшейту, ұлттық әдеп қағидаларын дәріптеу бағытындағы бастамаларға қолдау білдірді.