Бірлік – елдің беделі, ынтымақ – ырыстың ұйытқысы. Қазақстан халқының бірлігі күніне орай қаламыздың барлық аймағында игі іс-шаралар ұйымдастырылды. Қазақстан–Түркия достығы саябағында өткен мерекелік кеш көптің көңілінен шықты. Ынтымақ кеші Еңбекші ауданы әкімдігінің қолдауымен, қоғам белсенділері мен өнер ұжымдарының қатысуымен өтті.
12-шағынауданда орналасқан саябақ соңғы жылдары қайта жаңғыртылып, тұрғындар үшін қолайлы демалыс аймағына айналған. Мұнда жаяу жүргіншілерге арналған жолдар, демалыс орындықтары, балалар және спорт алаңдары, заманауи жарықтандыру жүйесі қарастырылған. Мерекелік бағдарлама саябақ аумағындағы арнайы концерттік алаңда өтті. Іс-шара барысында қала тұрғындарына арналған концерттік бағдарлама ұсынылды. Бұл мереке Қазақстан халқының бірлігі мен қоғамдық келісімнің айқын көрінісі болды.
МУНИРА ШАРАПОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Қазақстанымыз аман болсын. Көпұлтты еліміз көркейе берсін. 130-дан астам ұлт пен ұлыс тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Тыныштық болсын.