Жыл басынан бері есірткі қылмысына қатысты 76 шетелдік ұсталды. Оның 23-і есірткі сатып, үшеуі аса ірі көлемде улы өнім сақтаған. Тағы 29 шетелдік контрабанда үшін тұтқындалды.
Polisia.kz порталының хабарлауынша, халықаралық ынтымақтастық аясында шет мемлекеттердің бірінде іздеуде жүрген шетел азаматы ұсталған. Ол Қарағанды қаласында синтетикалық есірткі өндіруді қашықтан ұйымдастырған. Сондай-ақ Астанада жалдамалы пәтерде еуропалық 32 жастағы азамат ұсталды. Ол есірткі жасырумен айналысқан. Одан 1,5 келі синтетикалық және каннабис түріндегі есірткі тәркіленді. Алматы қаласында шығыс еуропалық тағы бір 44 жастағы азамат ұсталып, одан 1,2 келі «A-PVP» синтетикалық есірткі тәркіленді. Ақтау қаласында да көрші мемлекеттердің бірінің 21 жастағы азаматы ұсталды. Күдікті есірткіні жасыру әдісімен таратқан. Одан 30 грам «мефедрон» тәркіленген. Осылайша есірткі тарату арналарына тосқауыл қойылды.
ЕЛДАР ӘБДІКЕНОВ , ІІМ ЕСІРТКІ ҚЫЛМЫСЫНА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ КОМИТЕТІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
– «Есірткі қылмысы трансұлттық сипатқа ие. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыс шетелдік әріптестермен бірлесе жүргізілуде. Ішкі істер министрлігі ескертеді: ел аумағы арқылы есірткі өндірісі мен транзитін ұйымдастырудың кез келген дерегі заң аясында қатаң түрде тоқтатылатын болады»