7 мамыр – Отан қорғаушылар күні. Бұл – ел шебін күзеткен ерлердің, айбыны асқақ азаматтардың мерекесі. Айтулы датаға орай қалада салтанатты шара өтті.
Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған кеште ерлік пен елдік ұғымы кеңінен насихатталды. Қызметтік борышын адал атқарып жүрген азаматтар мен қоғам белсенділері арнайы марапатқа ие болды.
ҚУАНЫШ СЕРІКБАЙ, «ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫ» КММ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ М.А
Отан қорғаушылар күніне орай қаламыздың дамуына үлес қосып жүрген азаматтарға құрмет көрсетудеміз. Бүгін патриоттық әндер шырқалып, жастарға отансүйгіштік рух беріледі.
Жиында тағылымды ойлар айтылып, ерлік пен жауапкершіліктің мәні кеңінен түсіндірілді. Жастарға Отанды сүю, елге қызмет ету, бірлік пен татулықты сақтау сынды құндылықтар дәріптелді.
НҰРЗАТ ЖҰМАН, Ө. ЖӘНІБЕКОВ АТЫНДАҒЫ ОҚПУ СТУДЕНТІ
Бүгінгі шара біз үшін ерекше. Еңбегіміз еленіп, марапат алдық. Отанды қорғау – әр азаматтың парызы. Қандай қиындық болса да, ел үшін қызмет етуге дайынбыз.
Мерекелік шара концерттік бағдарламаға ұласып, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Ел қорғандарына көрсетілген құрмет кештің мәнін айқындай түсті.