Шымкент қалалық опера және балет театры көрермендеріне жаңа премьералық қойылым ұсынды. Италиялық композитор Гаэтано Доницеттидің «Махаббат сусыны» операсы қалың жұртшылыққа жол тартты. Әлемдік сахналарды бағындырған туынды махаббат пен сенім ұғымын музыка тілімен шебер суреттейді.


 Опера сюжеті көрерменді ғажайып әлемге еріксіз жетелейді. Қарапайым ауыл жігіті Адина есімді сұлуға құлай ғашық болады. Сезім сергелдеңіне түскен кейіпкер «сиқырлы сусынға» сеніп, қызықты оқиғаларға тап болады. Батыл қадамға барған жігіт ақыры бойжеткеннің жүрегін жаулап, мәңгілік махаббатына қол жеткізеді. Жеңіл әуендерден құралған туынды көпшіліктің көңілінен шықты.


 МӘДІХАН ДҮЙСЕЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ОПЕРА ЖӘНЕ БАЛЕТ ТЕАТРЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАРЫ
 «Қойылымға Италияның Милан қаласынан арнайы әртістер шақырылды. Режиссер Мәскеу қаласынан келді. Астана опера және балет театрымен арнайы меморандумға отырып, бүгін Шымшаһарда бұл операны жаңартып, қайта сахналап жатырмыз.»