Тұран ауданында инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Аудан толықтай, яғни 100 пайыз ауыз сумен және электр жарығымен қамтылған. Табиғи газбен қамту деңгейі 86,4 пайызды құрайды.


Бүгінде Тұран ауданындағы 19 шағын аудан табиғи газға қосылған. Жаңаталап, Құрсай және Айкөл шағын аудандарында газ құбырын тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жоспар бойынша аудан тұрғындары келер жылы толықтай табиғи газға қол жеткізеді. Ал жол инфрақұрылымы толық реттелген. Аудандағы 1 229 көше мен 570 шақырым жол 100 пайыз асфальтталған. Биыл аудандағы 80 көшеге жол жамылғысын реттеу ұсынылып, бүгінде 25 көшеде тиісті жұмыстар басталған. Тұранда спорт алаңшаларын салу жұмыстары да қарқын алған.


 ДӘУРЕН СЫДЫҚҰЛЫ – ТҰРАН АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ М.У.А
 – «Тұран ауданында 427 ойын алаңшасы мен 121 спорт алаңшасы орналасқан.»  «Осы жылға 28 жобаға қаржы қаралды.»


Қаланың көркін арттырып, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында аудан билігі көпқабатты үйлердің қасбеттерін жарықтандырып келеді. Бүгінде Тұрандағы мұндай нысандардың саны 48-ге жеткен.


 ДӘУРЕН СЫДЫҚҰЛЫ – ТҰРАН АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ М.У.А
 – «Осы жылы 14 көпқабатты үйдің қасбетін жарықтандыру жоспарланып отыр.»


Жаяу жүргіншілерге қолайлы жағдай жасау мақсатында биыл аудандағы 24 көшеде 21,8 шақырым аяқжол салу жоспарланған. Баспасөз отырысы әрі қарай сұрақ-жауап форматында жалғасып, Дәурен Сыдықұлы журналистер жолдаған сауалдарға жауап берді.