7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай Шымкентте салтанатты жиын өтті. Басқосуда Отан алдындағы борышын адал атқарып жүрген әскери қызметшілер мен сала ардагерлеріне құрмет көрсетіліп, олардың еңбегі мен ерлігі дәріптелді.


 Биыл Қазақстан Қарулы Күштерінің құрылғанына – 34 жыл. Айтулы датаға орай ұйымдастырылған жиынға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков арнайы қатысты. Астана алаңына жиналған жұртшылық алдымен сап түзеген сарбаздардың салтанатты шеруін тамашалады. Сахна төріне еліміздің Мемлекеттік Туы шығарылып, Әнұран шырқалды.


 СЕРІКБАЙ ОНБАЕВ, «ҚАРУЛЫ КҮШТЕР АРДАГЕРЛЕРІ» РҚБ ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ
 «Біздің Қарулы Күштер айбынымызды асқақтатып келеді. Жыл сайын өтетін дүниежүзілік жарыстарда алдыңғы орындардан көрініп жүрміз. Өздеріңіз куә болдыңыздар, Араб елдерінде өткен жарыста Қазақстан 90 команданың ішінен топ жарып шықты. Бұл, әрине, біздің қайсар мінезді бейбіт батырларымыздың еңбегінің жемісі деп білемін.»


Мерекелік бағдарлама аясында гарнизон бөлімшелерінің қатысуымен әскери шеру ұйымдастырылды. С. Рахымов атындағы әскери колледж курсанттары арнайы көрсетілімдер ұсынып, кәсіби дайындықтарын паш етті.


 ГҮЛМИРА ОСПАНОВА, «ЖЕЛТОҚСАН АҚИҚАТЫ» РҚБ ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАЙЫМЫ
 «Отанды сүю – міндет, Отанды сүю – парыз. Шекара шебіндегі сарбаздар ел алдындағы міндетін адал атқарып келеді. Қиын сәтте халқымызға қорған болған бейбіт күннің батырларына қандай құрмет көрсетсек те жарасады деп ойлаймын.»


 Салтанатты жиын концерттік бағдарламаға ұласты. Әсем ән мен күмбірлеген күй сахна төрін тербеп, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Талантты өнерпаздар Отан, ерлік, ел бірлігі жайлы патриоттық әндер орындап, ұлттық рухты асқақтатты.