6506 әскери бөлімінің «Ақтас» оқу-жаттығу орталығында өткен «Айбын» әскери-патриоттық сайысы өз мәресіне жетті. Екі күн бойы жастар сарбаз өмірін сезініп, әскери тәртіпке бейімделді. Шымкент қалалық Жастар саясаты басқармасы ұйымдастырған жобаға техникалық, кәсіптік және орта білім беру ұйымдарының студенттері қатысты.


АНЭЛЬ ӘЛІМБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ
«Ел қорғайтын ер — ең алдымен рухпен шыңдалады» дейді қазақ. Осы орайда жастарды әскери-патриоттық рухта тәрбиелеуге бағытталған «Айбын» кешенді сайысы бүгін өз мәресіне жетті.


Жарыс қорытындысы бойынша үздік командалар I, II, III орындармен марапатталды. Жүлде қоры да қомақты. Бірінші орынға – 800 мың, екінші орынға – 400 мың, үшінші орынға – 240 мың теңге көлемінде қаржылай сыйақы табысталды. Сонымен қатар, үздік жастар арнайы кубоктар мен дипломдарға ие болды.


 Жарысқа мегаполистегі 16 колледжден 100-ден астам студент қатысып, әскери дайындықпен қатар спорттық сайыстарда да бақ сынады. Қатысушылар командалық бірлік пен тәртіптің жоғары үлгісін көрсетіп, өзара шеберліктерін шыңдады.
 
АНЭЛЬ ӘЛІМБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ
Тәртіпке бағынып, намысын биік қоятын жас сарбаздар «Айбын-2026» арқылы өздерінің жігерін де, елге деген сүйіспеншілігін де дәлелдей білді.