Шымкент қаласында «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында ұйымдастырылған «Өнегелі ұрпақ» апталығында тыл ардагерлеріне құрмет көрсетілді. Іс-шара барысында белсенді жастар үй жағдайында арнаулы әлеуметтік қызмет алатын қариялардың шаңырағына барып, 9 мамыр – Жеңіс күнімен құттықтап, мерекелік көңіл-күй сыйлады.


 Алдымен жастар Галина Ахметқызы Муртазинаны мерекемен құттықтап, әннен шашу шашты. Галина Муртазина 1937 жылдың 14 сәуірінде дүниеге келген. Еңбек жолын кинотеатрда оператор болып бастап, осы саладан зейнетке шыққан. Бүгінде 89 жастағы тыл ардагері тың әрі сергек, бақша баптауды ұнатады. Ол 2015 жылы – Жеңістің 70 жылдығына, 2020 жылы – Жеңістің 75 жылдығына және 2025 жылы Жеңістің 80 жылдығына арналған мерекелік медальдармен марапатталған.


ГАЛИНА МУРТАЗИНА, ТЫЛ АРДАГЕРІ
Детство у нас было тяжёлое. Біздің балалық шағымыз ауыр кезеңге тура келді. Әкем 1942 жылы майданда қаза тапты. Анам байқұс төрт баламен жалғыз қалды. Үлкен әпкем 14 жасында қара жұмысқа араласты, ал мен соңымнан ерген сіңлімді өзім жетектеп жүріп бақтым. Кейін әжелеріміз Қазақстанда қыс қысқа, ауа райы қолайлы деп бізді осында көшіріп алып келді. Шымкентте есейдім, осында өстім, еңбек еттім. Бәріне шүкір.


Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты №7 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы арқылы бүгінде 943 азамат үй жағдайында әлеуметтік қызмет алады. Оның ішінде 36 тыл ардагері бар.


НҰРЖАН ТӨЛЕГЕНОВ, №7 ҮЙ ЖАҒДАЙЫНДА АРНАУЛЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ ОРТАЛЫҒЫ КММ ДИРЕКТОРЫ
9 мамыр – Жеңіс күніне орай арнайы келіп құттықтап отырмыз. Біздің орталықтың қызмет алушысы болған соң арнайы келдік. Қызметкерлеріміз бұл кісіге үнемі қолғабыс етіп, көмектесіп жүреді. Барлық жағдайын жасауға тырысамыз.


Белсенді жастар қарияның көңілін аулап қана қоймай, ардагердің ауласында тазалық жұмыстарын жүргізді. Талдарды әктеп, ауладағы арамшөптерді тазартты. Мереке қарсаңында қарияның көңілін бір серпілтіп тастады.