Әлеуметтік бейімдеу орталығының жанынан жаңа ғимарат салынады. Өмірлік қиын жағдайға түскен адамдарға қолдау көрсететін мекеменің негізгі ғимараты тозған. 160 орынға шақталған ескі орталық қазір үйсіздерге толы. Себебі қыс уақытында көше кезбелердің барлығы пана іздеп осында келеді.


Әбдіғаппар Ташимов орталыққа Келес ауданынан келген. Отбасынан жырақта жүрген ол мұнда 2 айдан бері қызмет алады. Зейнеткердің сөзінше, бұрын жағдайы жақсы, берекелі отбасы және басында баспанасы да болыпты. Тағдырдың тәлкегімен қазір далада қалғанын айтады.


 Ал, Бекен Тұраханова пробация есебіндегі азаматша. Балалар үйінде тәрбиеленіп өскен ол 15 жылын темір торда өткізген. Қазір әлеуметтік орталықты паналайды. Сөзінше, мұндағы жағдайы жақсы.


Өмірлік қиын жағдайға түскен адамдарды әлеуметтік бейімдеу орталығының қазіргі ғимараты өткен ғасырдың 80-жылдары салынған. Нысан содан бері күрделі жөндеу көрмеген. 160 орынға шақталған мекеме қызмет алушыларға толған. Азаматтар бос уақытты тиімді өткізу үшін кітапхана жұмыс істейді, әйелдер қолөнер бұйымдарымен айналысып, тоқыма тоқуды үйренеді. Ал, медицина қызметкерлері ауру-сырқауы барларға жәрдем береді. Орталыққа қала тұрғындары да көмек қолын созады. Жаны жомарт адамдар қызмет алушыларды киім-кешекпен қамтамасыз етеді.


Орталықта қызмет алушылардың басымының құжаты жоқ. Сондықтан жеке басты растайтын куәліктерін мекеме қызметкерлері құнттап беруге көмектеседі.



1,5 гектар аумақты алып жатқан орталық жанынан жаңа ғимарат салу жоспарланған. 50 орынға шақталатын нысанның сметалық құжаты әзірленуде. Одан бөлек, мекеме қызметкерлері ауланы абаттандырып, түрлі жеміс ағаштарын отырғызған.