«Балл текстиль» кілемдері. Отандық, өзіміздің, яғни, Шымкенттің өнімі. Жоғары сапа талабы жоғары тұтынушының көңілінен шығады. Өйткені, жеңіл өнеркәсіп саласын өрге сүйреген өндіріс орны заманауи технологияны қолданады. Отандық өнім Қазақстан түгілі, алыс-жақын шетелге де танымал. Экспорттық әлеуетке ие.
Көркі көз сүріндірер көрмеге кілемнің мыңнан астам түрі қойылған. Қазақтың қалы кілемінен бастап, түкті, тықыр, барақ кілемдердің сан түрі самсап тұр. Жерге жайсаң – төсеніш, қабырғаға ілсең – сән. Ал, мақтаулы өнімнің сапасы жағына келер болсақ, шетелдікінен кем түспейді. Мұны түрік кілемдерін импорттап, сатумен айналысып жүрген сауда өкілдері де растады.
Саухан Жүсіпбеков, «УФУК ХАЛИ» компаниясының өкілі
Мынау отандық өнімнің сапасы түрік кілемдерінен еш кем емес. Айырмашылығы аз-кем ғана шығар. Жібек кілемдер де бар. Біздің Шымкенттің «Балл текстиль» кілем тоқу фабрикасында. Біз негізі сапасын жақсы ажыратамыз ғой. Бірақ, көп жағдайда тұтынушылардың шетелдік өнімге сұранысы жоғары болатын. Қазір жайлап үйреніп келе жатыр...
Айгүл Мүсірова, тұтынушы;
Кілемдердің сапасы өте жақсы екен. Кез-келген импорттық өнімдерден еш кем түспейді. Әрі бағасы да көңілге қонымды...
Кілем өндіруші фабрика жәрмеңкеде таңдаулы коллекциясын ұсынады. Бұл - ең үздік кілем өнімдерін фабрикалық, төмендетілген бағамен сатып алудың мүмкіндігі. Жылдың ең ауқымды кілем жәрмеңкесі үш күнге созылмақ.
Гүлсанат ҚАЛМЫРЗАҚЫЗЫ