«Ашық аспан» демалыс аймағы Бекзат Саттарханов даңғылы бойындағы 11 гектар жерге жайғасқан «Желілік саябақта» орналасқан. Әсіресе жазы ұзаққа созылатын Түркістан қаласы үшін бұл нысан аса маңызды. Пандемия кезінде салынып, ашылуы кейінге қалдырылған аумақ сенімдерлік басқаруға берілді. Аталған нысан «Балалар жылында» балаларға үлкен сыйлық болып отыр.

Түркістанда су тапшы. Соған қарамастан,  тұрғындардың демалуына мүмкіндік жасалып отыр.  Барлық саябақтарда жасанды көлдер бар. Облыс әкімі мұның бәрі оңай тірлік емес екенін ескертті. Демалыс аймағы тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізетін орынға айналатынына сенім білдірді.

Жаңа оқу жылына қарсы Түркістанда балаларға арналған бірқатар нысан ашылып жатыр.  Демалыс орнында инвесторлар тарапынан дәмханалар, мейрамханалар салынады. Бұл – жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. Демалыс аймағында балалар мен ересектерге арналған фильтрациясы бар бассейндер мен фут-корт орналасқан. Тереңдігі 1,5 метрлік монолитті бассейні бір мезгілде 200 адамды қабылдай алады. Балалар бассейнінің тереңдігі – 80 см. Бассейн судың тұрақты тазалығын қамтамасыз ететін тазалау сүзгілерімен жабдықталған.