Төлеби ауданы ауылшаруашылығына қолайлы аймақ. Қазір өңір шаруалары жаңа технолгиялардың көмегімен мол өнімділікке қол жеткізіп келеді. Бау-бақша, жеміс-жидек өсіру қарқыны да артып келеді. Абай ауылында орналасқан «Қазығұрт бақтары» өндірістік кооперативі – өңірдегі ірі қарқынды бақтардың бірі. 2018 жылы құрылған шаруашылық бүгінде 140 гектар аумаққа жайқалған алма ағаштарымен танымал. Мұнда Италиядан арнайы әкелінген 300 мыңға жуық көшет отырғызылған.
Кооператив алманың «Гренни Смит», «Айдаред», «Голден Делишес» және «Гала» атты төрт сұрыпын өсіреді. Бұл сұрыптар жергілікті климатқа бейімделіп, мол өнім беріп келеді. Бір гектардан 300-350 центнерге дейін өнім жиналады.
МАҚПАЛ ЖҰМАБЕКОВА, «ҚАЗЫҒҰРТ БАҚТАРЫ» ӨНДІРІСТІК КООПЕРАТИВІНІҢ ДИРЕКТОРЫ
Гала тамыз айында жеміс бере бастайды. Негізі бұл жерде сол галаны түбі көбірек, 115 түп, қалған 50-і басқа түрлер болып табылады. Қазір 20 адам тұрақты жұмыс істеп жатыр. Оларға маусым кезінде 100-ге дейін жергілікті тұрғындар көмекке келеді.
Баудың суару жүйесі – заманауи талапқа сай. Тамшылатып суғару арқылы су үнемделіп, өнім сапасы артқан. Су көзі – Қошқарата бұлағы. Ағын суды жинақтау үшін бақтан 3-4 шақырым биіктікте арнайы су тоғаны салынған. Жалпы құны 1 миллиард 650 миллион теңгені құрайтын шаруашылықтың өнімдері бүгінде тек отандық нарықты ғана емес, шетелдік тұтынушыларды да қамтып отыр.
ЕРКЕҒАЛИ ӘЛІМҚҰЛОВ, ТӨЛЕБИ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ
«Қазғұрт бақтары» – ауыл шаруашылығындағы жаңа технология мен еңбекқорлықтың жарқын үлгісі. Мұнда тамшылатып суару әдісі арқылы мол өнім алынуда.
Алдағы уақытта мұнда табиғи шырын өндіретін цех іске қосылмақ. Қуаттылығы – тәулігіне 1 тонна шикізатты өңдеуге жетеді. Бұл жобаның құны – 682 миллион теңгеден асады. Сонымен қатар, өз қаражаты есебінен 500 тонналық жеміс сақтау қоймасының құрылысы да аяқталуға жақын.