Қала әкімі “ЖИТС-тен балаларды қорғау” қайырымдылық қоғамдық қорының ғимаратындағы ағымдағы жөндеу барысымен танысты. Өткен жылы қор мүгедектігі бар 40 балаға жартылай стационар форматында арнайы әлеуметтік қызмет көрсетті. Жауапты тұлғаларға жөндеу жұмысының сапалы орындалуын және кедергісіз орта құру талаптарының толық сақталуын қамтамасыз етуді тапсырды.


Әрі қарай Әл-Фараби ауданында Қошқар-Ата өзенін абаттандыру мен жағалауды бекіту жұмысын және ұзындығы 1,8 шақырымдық “Кәусар-2” ирригациялық каналының құрылыс барысын тексерді. Мердігер ұйым өкілінен экожүйені қорғап, қолайлы орта қалыптастыруға ерекше мән беруді сұрады. Сондай-ақ, жасыл желекті сақтау және экологиялық тұрғыда жайлы демалыс аумағын қалыптастыру мақсатында ағаш егудің маңызын атап өтті. Бұдан бөлек, Қаратау ауданы «Тассай» шағынауданындағы жолды асфальттау нәтижесімен танысты. Бұл көше Мұстафа Шоқай мен Жібек жолы магистралды көшелерін байланыстырады. Негізгі учаскелерде асфальт төсеу жұмысы аяқталған. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына жұмыстың қалған бөлігін белгіленген мерзімде аяқтап, жиектас орнатуды және жаяу жүргінші жолын салып, көше жарығын орнату арқылы іргелес аумақты абаттандыруды тапсырды.