Шымкентте Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Эльмира Сәрсенбайқызының «Анамдай болсам…» атты шығармашылық кеші өтті.


Шымкент қалалық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханада ұйымдастырылған шара ақынның қос кітабы – «Анамдай болсам…» және «Сөйлеу стратегиясының» тұсаукесеріне арналды.Жыр кешінде жүректен шыққан өлеңдер оқылып, ақын шығармашылығына арналған әндер шырқалды. Қонақтар ақжарма тілектерін айтып, шығармашылық иесіне құрмет көрсетіп, естелік сый-сияпаттарын тарту етті. Ақын да өз кезегінде арнау өлеңдерін оқып, оқырман сауалдарына жауап берді. Шара аясында ақын еңбектері мен марапаттарынан арнайы көрме ұйымдастырылды. Түркістан мен Қызылордадан арнайы бейнеқұттықтау жолдап, ақын өлеңдерін жатқа оқыған жандар да кеш көрігін қыздырды. Әдебиет пен руханияттың тағылымды кеші естелік суретке түсумен қорытындыланды.