2023 жылы Мемлекет басшысының ұсынысымен қолға алынған «Таза Қазақстан» акциясы бүгінде бүкілхалықтық сипатқа ие маңызды шараға айналды. «Бұл бір реттік науқан емес, жалпыұлттық міндет», - деді Президент. Нәтижесінде әрбір өңір атсалысып, көпшіліктің сана-сезімі өзгерді. Әсіресе жастар арасында белсенділік байқалады. Бұл тұрғыда әлем елдерінде қандай тәжірибе бар? Сюжеттен көрейік.


Президент бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясына бүгінге дейін 2 млн-ға жуық адам атсалысты. Нәтижесінде 735 мың гектар аумақ тазартылды. 189 мың тонна қоқыс жиналды.


БЕЙНЕҚОР Экобастаманы жүзеге асыруда әсіресе жастар жағы белсенді. Жалпыхалықтық сенбіліктер көп мемлекеттерде тұрақты дәстүрге айналмаған. ТҮРКИЯ Мәселен, Түркияның Ыстанбұл қаласында 20 млн халық тұрады. Туристер де көп. Кей кездері коммуналдық шаруашылық жұмысшылары тазалап үлгермейді. Соған қарамастан мұнда тазалық акциялары сынды қоғамдық шаралар жоқтың қасы. Содан да болар, мереке күндері қала көшелеріндегі қоқыс тазаланбай, теңіз жағалауы пластик құтыларға толып кетеді. Тұрғындар да бұл жағдайдың жиі қайталанатынын айтып, мәселенің оң шешілгенін қалайды.


СЕФА ӨЗЖАН, ЫСТАНБҰЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ

Бізде қоқыс тастау мәдениеті қалыптаса қоймаған. Қоқысты көбіне арнайы жерге емес көшеге, теңіз жағасына тастай салатын адамдар аз емес. Оны тазалау да оңай емес. Кей кездері екі-үш күн көшедегі қоқыс алынбай қалып, тұрғындарды әбігерге салатыны да бар. Сондықтан қаламызды таза ұстау тек коммуналдық шаруашылық қызметкерлерінің емес, әр тұрғынның міндеті болуы керек.


Ал Еуропа елдерінде тазалық – әр адамның жеке жауапкершілігі. Сондықтан жүйелі түрде жалпыхалықтық сенбіліктер ұйымдастырылмайды. Мұндағы бүлдіршіндер үшін үйінен ұзамай, өз ауласында ойнау арман. Себебі, қарт құрлық елдеріндегі көпқабатты үйлерде Қазақстандағыдай балалар ойын алаңы жоқ. Бүлдіршіндер бірнеше шақырым жерде орналасқан қоғамдық саябақтарда ойнауға мәжбүр. Оған тек ересектермен баруы тиіс. Алайда көп алаңқайлар істен шығып қалған яки тым ескі. Айналасына құм төселгенімен, оның тазалығы аса қадағаланбайды деп налиды ата аналар.


АЛЬВЕРДИ БРУТТО, БРЮССЕЛЬ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ

Паркке өзіміз әкеліп, балаларды қадағалап отырмасақ қиын. Ойнайтын жер тым аз. Мысалы, мына жердегі әткеншек пен сырғанақтың орны бос тұр. Басқасын қояды дегеніне үш ай болды. Жаз бітті. Енді оны қай кезде ойнайды балалар.Әкімдікке айтудан шаршадық.


Тазалық акцияларының жалпыхалықтық сипат алуы – қоршаған ортаны көгалдандыру жұмыстарының қарқынды жүзеге асуына сеп. Мәселен, «Таза Қазақстан» акциясы басталғалы ел аумағында көптің көмегімен 2 млн-нан астам ағаш отырғызылды. Аулаларды абаттандыру, қоқыстарды сұрыптап, қайта кәдеге жарату тұрғысынан да көпшіліктің сана-сезімі өзгерді, белсенділік байқалады. Түрлі экожобалар жүзеге асып жатыр. Айналаның тазалығы – ұлттық мәдениеттің көрсеткіші екені анық.