Үшінші мегаполистің жартысы орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылған. Өркениет игілігін тек қаланың орталық бөлігі көріп келеді.  Бүгінде екі мыңдай көпқабатты және қырық мыңнан аса жеке үй тұрғындары кәріз жүйесіне қосылған. Бұл шаһардың 54 пайызын құрайды. Енді жауаптылар 19 нысанда құрылыс жұмысын жүргізіп, шеткі елдімекендерді сарқынды су жүйесіне қосу үшін қарқынды жұмыс жүргізуде.    


Кәріз жүйесі қала инфрақұрылымының маңызды бөлігі. Сондықтан болар шаһар басшылығы жүйелі жоспар құрып, шеткі елдімекендерде қалдық су құбырын жүргізіп жатыр. Сондай-ақ әкімшілік іскерлік орталығынан салынған кәріз коллекторының құрылысы аяқталып, қосылуға дайын тұр. Қала әкімі Мұрат Әйтенов 2025 жылға дейін кәріз жүйесімен қамту көрсеткіші 75 пайызға артатынын айтуда.
Қазіргі таңда шаһар тұрғындарын кәріз жүйесімен қамту 54 пайызды құраса, жауаптылар жыл соңына дейін көрсеткішті  60 пайызға жетеді дейді. Нәтижесінде Самал-3, Мирас, Шапағат-2, Ұлағат, Солтүстік шығыс, Хлопзавод,Шолохов, Жұлдыз елдімекендері сарқынды су жүйесіне қосылады.
Үшінші мегаполисте кәріс жүйесінің құрылыс жұмыстарына 9,1 миллиард теңге қаржы қаралған. Оның 7,3 миллиарды республикалық бюджеттен болса, 1,8-і қала бюджетінен бөлінген. Айта өтейік, қазіргі таңда Шымкент қаласындағы кәріз жүйесінің ұзындығы 900 шақырымға жуық.