Шымкент қаласындағы №45 мектеп-гимназиясының гимназия мәртебесін алғанына биыл 25 жыл толып отыр. Осы жылдар аралығында білім ордасы тек биіктерден көрініп келеді. Шәкірттері талай шыңды бағындыруда. Ғасырға жуық тарихы бар білім ұясынан елімізге танымал тұлғалар шыққан. Бүгін олар ұжымды мерейтойларымен арнайы құттықтап келді.
1927 жылы Ұлықбек атындағы №3 өзбек тілінде оқытатын бастауыш мектеп болып ашылған білім ордасы, 1974 жылы орыс тілінде білім беретін №45 орта мектеп болып қайта құрылады. Сол кезде небәрі 500 оқушысы бар білім ошағында 44 мұғалім жұмыс істеген. Жылдар өте келе өздерін өте жақсы жағынан көрсете білген білім ұясына 1997 жылы гимназия мәртебесі беріледі. Бұл ұстаздар мен оқушылардың болашаққа деген сенімін одан әрі қарай нығайта түсті.
Рамиля Искандерова - №45 мектеп-гимназиясының директоры
«Биыл біздің мектебіміздің гимназия мәртебесін алғанына 25 жыл. Осы аралықта білім ошағынан 1154 түлек түлеп ұшты. Әр жылдары біз «Алтын белгі», «Үздік аттестат» иелерін шығарудамыз. Шәкірттеріміз қалалық, республикалық, халықаралық жарыстар мен олимпиадалардың жеңімпаздары. Біздің ұстаздарымыз жан-жақты, білікті мамандар. Олар қандай байқауға қатысса да құр қол оралмаған.»
Гимназия мәртебесін алған білім ошағы аз уақыттың ішінде, көпсалалы болып бекітіледі. Бұл ретте, ұстаздар қауымының еңбегін ерекше атап айтпасқа болмас. Осы орайда, №45 мектеп-гимназиясы 2002 ж. - қалалық тәрбие жүйесі жобалары байқауының жеңімпазы атанады. Білім беру жүйесінің авторлық моделі – "жақсы көңіл-күй мектебін" алғаш болып құрғанда дәл осы білім ұясы. Жас ұрпаққа жан-жақты білім беруде жанқиярлығымен көзге түсіп келе жатқан білім ошағының шәкірттері халықаралық, республикалық олимпиадалар мен байқаулардың жеңімпазы. Бұл ретте, «Жас бүркіт», «Домкрат» ЮИД отрядтарымен қатар, КТК жұмыс істейді.
«Тәрбиесіз берілген білім, адамзаттың қас жауы», деген қазақ батыры Бауыржан Момышұлының сөзін мығым ұстанған мектеп ұжым ата-анамен байланысты бір сәтке болсын үзген емес. Бүгінгі таңда білім ошағында аналар, әкелер, қыздар клубтары жұмыс жасап келеді. Соның бір айғағы болған бүгінгі кеш. Ата-аналар қауымы білім ұясының қандай іс-шарасы болмасын басы-қасынан табылады.
25 жылдық мерейтойға мектептің бұрынғы басшылары мен ардагер ұстаздары түгелімен жиналған. Олар ұжымның қуанышына ортақтасып, марапат төрінен көрінген мұғалімдерге қолдау білдірді. Сондай-ақ, мектеп түлектері де осы кештен табылды. Олардың ұстаздар қауымына алғыстан басқа айтары жоқ.Айта кетейік, бүгінде 30-дан астам мектеп түлегі дәл осы қарашаңырақта қызмет етіп жүр екен.