Отбасын жоспарлау әр жұп өміріндегі маңызды және шешуші қадам. Түркістан облыстық Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының мамандары жастарға ақыл-кеңес беріп, салауатты өмір салтын берік ұстануына қолдау көрсетеді. Емдеу-сауықтыру шараларын да жүргізеді. Өткен жылы қажетті кеңес алу үшін орталыққа 19 мыңнан астам жас келіпті. Биылғы жоспарлары да ауқымды.
Бағамдап қарасақ, өмірге дені сау бала әкелу – үлкен жауапкершілік. Мәселен, алкогольді сусындар мен шылым шегу адам денсаулығына зиян тигізумен қатар, құрсақтағы шаранаға кері әсер етеді. Сондықтан жастар зиянды әдеттерден мейлінше аулақ болу керек. Тағы бір айта кететін жайт, дәрігерлер бала жоспарлау алдында ерлі-зайыптыға арнайы алгоритм әзірлейді. Осы арқылы кез келген ауруды ерте анықтап, емделуге мүмкіндік болады, – дейді мамандар
Түркістан облысы өткен жылдың қорытындысымен республика көлемінде туу мен табиғи өсім көрсеткіштері бойынша 1-орынды иемденді. Өңірде алғашқы баласын дүниеге әкелетіндердің орташа жасы 20-21 жасты құрайды.
Мамандар дабыл қағады. Жасанды түсік тууды реттеудің ең қолайлы тәсілі емес, одан мүмкіндігінше бас тартқан жөн. Мұнан бөлек, бала туатын аналар өз денсаулығына жауапкершілікпен қарамайды. Профилактикалық тексеруден уақытылы өтуге де құлықсыз. Бұл ретте Түркістан облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының дәрігерлері ата-аналық борышқа жауапкершілікпен қарап, әйел денсаулығын сақтау мен отбасылық қатынастарды беки түсуіне мүмкіндік туғызады.